Қазақстан – отбасылық туризм үшін тартымды бағыт, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Қазақстан Таяу Шығыс саяхатшылары үшін тартымды бағытқа айналуда. Орналастыру орындары бойынша деректерге сүйенсек, өткен жылы Парсы шығанағы елдерінен келген туристер қатары 53% көбейді. Бұл үрдісті қолдау және қызығушылықты арттыру мақсатында өңірдің ірі туроператорларымен ынтымақтастық күшейтілуде. Kazakh Tourism ұлттық әуе тасымалдаушы Air Astana қолдауымен БАӘ туризм индустриясының өкілдеріне арналған таныстыру туры мен B2B кездесу ұйымдастырды.
БАӘ ірі туроператорлары Алматы қаласы мен Алматы облысының табиғи және мәдени мұрасымен жете танысты. Олар этноауылды, Oi Qaragai және Шымбұлақ тау курорттарын, «Шарын» және «Көлсай көлдері» ұлттық парктерін, мәдени нысандарды аралады.
Меймандарға Көлсай көлдерінің көркем көріністері, қылқан жапырақты ормандармен көмкерілген таулар және өңірдің климаты ерекше әсер қалдырды. Олар жазда жайлы демалыс іздейтін БАӘ отбасылық туристері үшін Қазақстанның ауа райы мен табиғаты ерекше тартымды екенін атап өтті.
«Мен бір сапардың өзінде жылдың төрт мезгілін сезіндім. Қалада – жаз бен ыстық, тауда – қар, ал облыста – жаңбыр мен көктемгі көңіл-күй. Бұл – нағыз сиқыр болды!», – деп өз әсерімен Манси Шарма Датта бөлісті.
БАӘ-ден келген туроператорлар қазақтың ұлттық тағамдары мен қонақжайлығына жоғары баға берді. Олар еліміздегі белсенді демалыс, экотуризм және отбасылық бағыттарды дамыту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.
Сапар соңында Алматы қаласында B2B кездесулер өтті. 20-дан астам қазақстандық туроператорлар БАӘ келген әріптестерімен туристік өнімдерді ілгерілету және ұзақмерзімді ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңінен талқылады. Бұл Қазақстанның БАӘ мен Парсы шығанағы елдерінен келетін саяхатшылар үшін тартымдылығын арттырады.
БАӘ туроператорлары Қазақстанға сапар нәтижесінде өздерінің шетелдік клиенттері үшін ұсынатын турпакеттерді кеңейте алады.