06.11.2026
12:59:33
ru
kz

Airbus Қазақстанға екінші A400M ұшағын жеткізді

Airbus Қазақстанға екінші A400M ұшағын жеткізді
Фото: © Airbus Defence and Space SAU 2025 г.

Airbus Defence and Space компаниясы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне екінші A400M әскери-көлік ұшағын тапсырды. Осылайша, 2021 жылы жасалған ұшақтарды жеткізу туралы келісімшарт толық орындалды.

Қазақстанның Әуе қорғаныс күштері (ҚР ӘҚК) A400M Atlas ұшағын стратегиялық және ауыр тактикалық әуе тасымалдарын жүзеге асыруға арналған негізгі платформа ретінде пайдаланады. 2024 жылы желтоқсанда алғашқы ұшақ жеткізілген болатын. Екінші ұшақтың келуі Қазақстанның қорғаныс әлеуетін нығайтып, елдің Орталық Азия аумағында ұзақ қашықтыққа әуе тасымалдарын орындау мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Ең жоғары жүк көтергіштігі 37 тонна болатын A400M Қазақстан үшін бірқатар негізгі жедел міндеттерді орындайды. Олардың қатарында БҰҰ аясындағы бітімгерлік контингентті ротациялау кезінде стратегиялық автономды әрекет ету мүмкіндігін қамтамасыз ету бар. Мысалы, бұл ұшақ Голан жоталарындағы БҰҰ-ның Бөлінуді бақылау жөніндегі күштері (UNDOF) миссиясы шеңберінде пайдаланылуы мүмкін. Сонымен қатар, A400M табиғи апаттарға ден қою және гуманитарлық көмек көрсету мақсатындағы халықаралық рейстерді орындауға қабілетті.

Қазақстанның кең аумағын ескере отырып, A400M ауыр броньды техниканы, көлік құралдарын және қажетті жабдықтарды шалғай өңірлерге жедел жеткізуді қамтамасыз етеді. Ұшақ қысқа, топырақтан жасалған немесе дайындалмаған ұшу-қону жолақтарында тиімді жұмыс істей алады. Арнайы операциялар күштерімен және десанттық-шабуылдау бөлімшелерімен өзара іс-қимыл барысында ол толық жарақтандырылған 116 әскери қызметшіге дейін тасымалдап, төмен биіктіктен тактикалық десанттау және жаппай парашюттік түсіру міндеттерін орындай алады.

Жаңа ұшақ Қазақстанның әскери авиациясындағы қолданыстағы тоғыз Airbus C295 тактикалық әскери-көлік ұшағынан тұратын паркті толықтырады. Нәтижесінде көпдеңгейлі әуе тасымалы жүйесі қалыптасады: C295 операциялар аймағындағы көмекші тасымалдау міндеттерін орындаса, A400M ауыр стратегиялық тасымалдау міндеттерін жүзеге асырады.
 

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.
+
Сообщение
+
Заказ звонка
Отправить