Фото: GNTA
Күз – Грузияны аралауға таптырмас мезгіл. Жаздың аптабы қайтып, күн райы жайланады, теңіз суы әлі де жылы, тау бөктерін алтын түске бояған күз келеді. Ал шарапты өлкелерде жылдың ең қызу әрі ең көңілді шағы – жүзім жинау науқаны басталады.
Дәл осы мезгілде Грузияның табиғаты мен тұрмыс-тіршілігінің қаншалықты алуан екенін анық сезінесіз. Бірнеше күннің ішінде Қара теңіз жағасында демалып, Кавказ тауларына көтеріліп, жаңа жиналған жүзімнен жасалған шараптан дәм татып, жазғы маусымда көп туристің назарынан тыс қалатын өңірлерді аралап шығуға болады.
TravelPress.kz күзгі Грузияны танып-білудің үш бағытын ұсынады. Қайсысын таңдау – өзіңізге байланысты.
Бірінші бағыт. Жүзім, шарап және грузин дастарханы
Көпшілік үшін Грузиямен таныстық оның асханасынан басталады. Ал күзде мұндағы гастрономиялық сапардың жөні тіпті бөлек.
Қыркүйекте Кахетияда **ртвели** – дәстүрлі жүзім жинау науқаны басталады. Жергілікті жұрт үшін бұл жай ғана өнім жинайтын кез емес. Ртвели – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан, ағайын-туыс пен көрші-қолаңның басын қосатын үлкен дәстүр.
Көптеген шарап шаруашылығы қонақтарға жүзімнің шарапқа айналу жолын өз көзімен көруге мүмкіндік береді. Мұнда грузин шарабын саздан жасалған алып ыдыс – квевриде сақтаудың көне тәсілімен танысып, жаңа өнімнің шарабынан дәм татуға болады. Осындай сапардан кейін Грузияны неліктен шараптың отаны деп атайтынын түсіну де оңайырақ.

Супра. Фото: GNTA
Бірақ күзгі Грузияның дәмі шараппен ғана шектелмейді. Базарлар жаңа піскен інжірге, анарға, құрмаға, жүзім мен жаңғаққа толады. Отбасылық мейрамханаларда имеретиялық хачапури, буы бұрқыраған хинкали, сациви, маусымдық көкөністерден әзірленген тағамдар, үй ірімшігі мен дәстүрлі тәттілер дастарханға қойылады.
Мұндай сапарда грузин асханасын ғана емес, осы елдің болмысымен біте қайнасқан қонақжайлық дәстүрін де жақыннан тануға болады.
## Екінші бағыт. Жазғы қарбаластан арылған Кавказ
Күз келгенде Грузия тауларының мінезі де өзгереді. Беткейлер сары, қызғылт және алтын түске боялып, ауа салқындайды. Ал тау көріністері бұрынғыдан да айбынды бола түседі.
Осындай сапардың ең танымал бағыттарының бірі – Казбеги. Жолай Жинвали су қоймасына және Крест асуына аялдап, одан әрі Үлкен Кавказдың асқақ таулары арасымен жол жүруге болады. Казбегиге жеткен соң Гергети шіркеуіне көтерілген жөн. Бұл жерден Грузияның ең әйгілі тау көріністерінің бірі ашылады.
.jpg)
Сванетия. Фото: GNTA
Ал көпшілік жүретін бағыттардан алыстағыңыз келсе, Сванетияға жол тартыңыз. Күзде Местия мен Ушгулидің келбеті мүлде өзгереді: жаз бойы жасыл желек жамылған тау бөктері алтын түске еніп, Кавказдың биік шыңдарына алғашқы қар түседі.
Жаяу саяхаттауды ұнататындар үшін бұл – жылдың ең жайлы кезеңдерінің бірі. Жаздағыдай аптап жоқ, ал туристік соқпақтардың басым бөлігі әлі ашық.
Тыныштық іздеген саяхатшыға Рача да ұнауы мүмкін. Бұл – Грузияның туристер әлі жаппай ағылып үлгермеген көрікті өңірлерінің бірі. Шаори көлі, қалың орман, тау бөктеріндегі шағын ауылдар мен мамыражай тіршілік табиғат аясында асықпай демалғысы келетіндерге ерекше әсер сыйлайды.
Үшінші бағыт. Қара теңіз жағасында жазды ұзартып қалу
Жазбен қоштасуға асықпайтындар үшін күзгі Аджарияның жөні бөлек. Қыркүйекте, кей жылдары тіпті қазанның алғашқы жартысында да Қара теңіздің суы шомылуға жарайтындай жылы болады. Ал күннің қызуы басылғандықтан, жағалауда ұзақ серуендеудің өзі бір ғанибет.

Батуми. Фото: GNTA
Барқыт маусымында Батумидің де тынысы өзгереді. Жаздағы қалың нөпір сейіліп, жағажайлар кеңейгендей болады, қала өзінің қалыпты, асықпайтын ырғағына қайта түседі.
Осы кезде Батуми бульварын бойлай серуендеп, кешті теңіз жағасындағы дәмханада өткізуге, Ботаникалық бақты аралауға немесе Гонио, Квариати мен Сарпи секілді жағалаудағы шағын елді мекендерге барып қайтуға болады.
Күз – Батумидің жаңа гастрономиялық қырын ашуға да қолайлы уақыт. Мұнда дәстүрлі грузин тағамдарын ұсынатын орындармен қатар, жергілікті әрі маусымдық өнімдерге басымдық беретін авторлық мейрамханалар да көбейіп келеді.
Бір демалыс – бірнеше әсер
Грузияның саяхатшы үшін үлкен артықшылығы – елдің ықшамдығы. Бір сапардың ішінде бірнеше күн теңіз жағасында демалып, одан кейін жүзімдіктер өлкесіне жол тартып, саяхатты Кавказ тауларында аяқтауға болады. Негізгі туристік аймақтардың арасы аса алыс емес, сондықтан бір демалыстың өзінде мүлде бөлек бірнеше бағытты қамтуға мүмкіндік бар.

Грузия қамалдары. Фото: GNTA
Соңғы жылдары саяхатшылар бір қалада тұрақтап қалмай, бірден бірнеше өңірді қамтитын бағыттарды жиі таңдайды. Мұндай формат өз бетінше саяхаттайтындарға ғана емес, туроператорларға да жаңа мүмкіндік береді.
Дәстүрлі «Тбилиси – Батуми» бағытының орнына шарап пен гастрономияны, табиғатты, мәдени мұраны және сауықтыру демалысын бір сапарға тоғыстыратын бағдарламалар жасауға болады.

Хорулдши көлі. Фото: GNTA
Грузияның осы алуан қырын күз ерекше айқын көрсетеді. Бүгін Кахетияның жүзімдіктерін аралап жүрсеңіз, ертең Кавказ тауларында күн батысын қарсы алып, арада бірнеше күн өткенде Қара теңіздің жағасында отыруыңыз әбден мүмкін.
Сондықтан Грузияға саяхатты бір ғана бағытпен шектеу қиын. Әр мезгіл бұл елдің жаңа қырын ашады, ал әр сапар оны қайта танығандай әсер қалдырады.
TravelPress.kz арнайы жобасы жалғасады
Келесі материалда Грузияның неліктен Кавказдағы сауықтыру туризмінің басты бағыттарының бірі саналатынын айтамыз. Боржоми, Цхалтубо және Саирменің ерекшеліктеріне тоқталып, сапар мақсатына қарай қай курортты таңдауға болатынын қарастырамыз.
#GeorgiaTravel #EmotionsAreGeorgia #VisitGeorgia #DiscoverGeorgia
