21.11.2026
19:48:14
ru
kz

Қала күніне арналған іс-шараларға 500 мыңнан астам адам қатысты

Қала күніне арналған іс-шараларға 500 мыңнан астам адам қатысты
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда Қала күнін мерекелеудің алғашқы күні өтті. Түрлі алаңдардағы концерттерге, фестивальдерге, көрмелерге, спорттық және шығармашылық жобаларға 500 мыңнан астам адам барды. Бұл туралы қаланың мәдениет басқармасы хабарлады.

Басты іс-шаралар Абай және Астана алаңдарында, Панфилов және Жібек жолы жаяу жүргіншілер көшелерінде, сондай-ақ сегіз ауданның барлығында өтті.

Абай алаңы

Бағдарлама Алматы әкімінің қатысуымен салтанатты концертпен басталды. Дархан Сатыбалды алматылықтарды Қала күнімен құттықтап, қаланың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағын табыстады.

Одан кейін көрермендер алдында «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, Қазақ мемлекеттік цирқының әртістері, ASU ұжымы және «Алатау» дәстүрлі өнер театры өнер көрсетті. Кешті пианист Ratovich пен NE PROSTO ORCHESTRA қорытындылады.

Күні бойы мұнда «Алма аймағы», «Шеберлер қалашығы», AI & ROBOT ZONE тақырыптық аймақтары, крафт ойындар алаңы, балалар аймағы және «Ажарлы Алматы» кәсіби суретшілер байқауы қатысушыларының туындылар көрмесі жұмыс істеді. Фуд-корт та ұйымдастырылды.

Астана алаңы

Мұнда екі ірі концерттік бағдарлама өтті.

Күндіз «Сенім» вокалдық хоры, «Отырар сазы» академиялық оркестрі, «Рабат» ансамблі, «Астра» тобы, Muzart Life және басқа орындаушылар өнер көрсетті.

Кешке 110 мыңнан астам көрерменді жинаған «Almaty Vibes» музыкалық фестивалі өтті. Концерттен бөлек, көпшілікке 3D Mapping Show ұсынылды.

Сахнаға Мақпал Жүнісова, Мирас Жүгінісов, KALIFARNIYA, ALPHA, Айдана Меденова, Жандос Қаржаубай және басқа әртістер шықты.

Панфилов және Жібек жолы көшелері

Панфилов көшесінде балалар және этно аймақтары, эко және кино алаңдары, Digital аймақ, спорт кеңістігі мен фуд-корт орналасты. Басты оқиғалардың бірі дәстүрлі Алма жәрмеңкесі болды.

Сауда қатарлары Қазыбек би көшесінің Панфилов көшесі мен Назарбаев даңғылы аралығындағы бөлігінде орналасты. Жәрмеңке 10:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істеді.

Жібек жолы көшесінде концерттік бағдарлама, қуыршақ театрының қойылымы және шығармашылық жобалар өтті. Мұнда сондай-ақ 60-тан астам баспа мен кітап дүкені қатысқан Kitap Fest кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдындағы алаңда танымал дәстүрлі музыка орындаушылары мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі қатысқан «Ән мен күйдің бесігі» концерті, сондай-ақ «Jana Lep» концерті өтті. Сахнада Қазыбек Құрайыш, Ерболат Құдайбергенов, Еркеш Хасен және басқа әртістер өнер көрсетті.

Алматының барлық аудандарында жеке мәдени, спорттық және шығармашылық бағдарламалар дайындалды.

Қала күнін мерекелеу 20 қыркүйекте жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтарына жаңа концерттер, фестивальдер және басқа да қалалық іс-шаралар жоспарланған.

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ оқыңыз:

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.
+
Сообщение
+
Заказ звонка
Отправить