21.11.2026
19:48:14
ru
kz

Кимасар шатқалына 1,5 мың шырша отырғызылды

Кимасар шатқалына 1,5 мың шырша отырғызылды
Фото: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Алматы тау кластерін дамыту жобасы аясында Кимасар шатқалында 1 500 Тянь-Шань шыршасының көшетін отырғызу бойынша экологиялық акция өтті. Оған Алматы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов, экологиялық ұйымдардың, бизнестің, спорт және мәдениет қауымдастықтарының өкілдері, белсенді жастар мен қала тұрғындары қатысты. Қатысушылардың бәрін ортақ мақсат біріктірді: Алматының табиғи мұрасын сақтау.

Олжас Смағұловтың айтуынша, акция Алматы тау кластерінің заманауи туристік инфрақұрылымын дамытумен қатар жүргізіліп жатқан тау аумақтарын көгалдандыру жөніндегі жүйелі жұмыстың жалғасы болды.

«Бүгін Алматы тау кластерін дамыту жобасы аясында ауқымды экологиялық акция өтіп жатыр. Осы бастамаға қосылған барлық жанашыр азаматтарға алғыс айтқым келеді. Мұнда 500-ге жуық адам жиналып, бірлесіп 1,5 мың шырша отырғыздық. Бұл - осындай үшінші акция. Мұндай іс-шараларды алдағы уақытта да өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Алматы әкімінің орынбасары.

Қазан айында 4 мыңға жуық ағаш отырғызылды

Биылғы қазан айының өзінде Алматының таулы аймағында 4 мыңға жуық қылқан жапырақты ағаш отырғызылды. 3 қазанда Көк-Жайлауға 2 мыңға жуық Шренк шыршасы, 17 қазанда «Шымбұлақ» тау курортының аумағына 500-ден астам Тянь-Шань шыршасы егілді. Кимасар шатқалына тағы 1,5 мың ағаш отырғызу осы экологиялық бастаманың жалғасы болды.

Экологиялық жауапкершілік - Алматы тау кластерін дамытудың негізгі қағидаттарының бірі. Жоба халықаралық деңгейдегі туристік инфрақұрылым құрумен қатар аумақтарды көгалдандыруды, биоалуантүрлілікті сақтауды және тау экожүйелерінің тұрақтылығын қолдауға бағытталған табиғат қорғау шараларын жүзеге асыруды көздейді.

Акцияға жастар мен спортшылар қосылды

Бостандық ауданы комьюнити-орталығының басшысы Акарыс Торебеков қала жастары мұндай бастамаларға әрдайым белсенді қатысатынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай іс-шаралар жастарға қаланы көгалдандыруға өз үлесін қосуға мүмкіндік беріп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.

«Біз, Алматы жастары, мұндай бастамадан тыс қала алмадық және ағаш отырғызуға қуана қосылдық. Бұл уақытты пайдалы әрі жақсы ортада өткізуге тамаша мүмкіндік. Қаланы абаттандыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шараларға әрдайым қатысуға қуаныштымыз», - деді ол.

Экологиялық акцияға Қазақстан тарихындағы таэквондодан Азия ойындарының тұңғыш чемпионы Темирлан Тилеулес те қосылды. Спортшы таулы аймақты көгалдандыруға үлес қосу мүмкіндігіне қуанышын білдірді.

«Бұл бүкіл Алматы үшін тамаша бастама. Ағаш отырғыза отырып, біз табиғатты әдемірек етеміз және ауа сапасын жақсартуға аз да болса маңызды үлес қосамыз. Адамдардың ортақ іс үшін бірігіп, бір-біріне көмектескенін көру әсіресе жағымды», - деді Азия ойындарының чемпионы.

Көгалдандыруға Жапониядағы Азия ойындарында жанкүйерлердің ықыласына бөленген спортшы Ясмина Токсанбаева да үлес қосты.

«Жаттығуларымыздың бір бөлігі әрдайым тауда өтеді. Жыл сайын шамамен екі ай осында жүгіріп, жаттығамыз. Сондықтан бұл жерлердің өзгеріп жатқанын көру ерекше қуанышты. Алматы таулары - менің екінші үйім деуге болады», - деді спортшы.

Көгалдандыру үшін Тянь-Шань шыршасы деп те аталатын Шренк шыршасы таңдалды. Бұл Солтүстік Тянь-Шань экожүйелерін сақтауда маңызды рөл атқаратын Алматының табиғи символдарының бірі. Өңірге тән ағаш түрлерін отырғызу табиғи биоалуантүрлілікті сақтауға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыз:

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.
+
Сообщение
+
Заказ звонка
Отправить