23.11.2024
15:19:04
ru
kz

Елордада «Automechanika Astana 2024» халықаралық автомобиль көрмесі өтіп жатыр

Қазақстан жаңалықтары
18.04.2024
11:25
Елордада «Automechanika Astana 2024» халықаралық автомобиль көрмесі өтіп жатыр
Астанада Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық Automechanika Astana 2024 көрмесі ашылды
 
17 сәуір күні Орталық Азиядағы ең ірі «Automechanika Astana 2024» халықаралық автомобиль көрмесі ашылды. Іс-шараны ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Messe Frankfurt GbMH жаһандық көрме ұйымдастырушысымен серіктестікте Business Media Central Asia ұйымдастырды. Бұған дейін ағымдағы жылдың наурыз айында Қытайда Қазақстан туризм жылының ашылуы аясында «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Messe Frankfurt Азия аймағы бойынша өкілдігі (Гонконг қ.) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.
 
Көрме 2024 жылғы 17-19 сәуір аралығында Астанадағы«ЕХРО» халықаралық көрме орталығында өтеді. Халықаралық аудиторияға инновациялық өнімдер, қызметтер мен технологиялардың кең ауқымын көрсетілетін болады.
 
Automechanika Astana 2024 көрмесі 20 елден 450-ден астам экспоненттерді қабылдай отыра, үш ұлттық павильонды ұсынады. Келушілер саны 15 000 адамнан асады деп күтілуде. Көрме аумағы шамамен 14 000 м2 құрайды.
 
Көрменің ашылу салтанатына Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев қатысты.
 

«Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ашылуы аясында «Messe Frankfurt» ірі компанияларының бірімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Осы уағдаластық аясында Messe Frankfurt «Automechanika Astana 2024» халықаралық көрмесін ұйымдастырып жатыр. Астана – еліміздің саяси, әкімшілік, іскерлік және мәдени орталығы. Қалада Орталық Азиядағы MICE туризмнің орталығы деп атауға қажетті барлық инфрақұрылым бар. Біз аталған қызметтерді туристер үшін ыңғайлы және тартымды етуге тырысамыз. Бұл өз кезегінде, ұлттық экономиканың дамуына және оның әлемдік нарыққа интеграциялануына айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, «Automechanika Astana 2024» көрмесіне 15 000 адам келеді деп күтілуде. Оның ішінде 3000-ы алыс шетелдің азаматтары. Статистика бойынша, елімізге келген әрбір турист елде болған болған уақытта 1400 доллар жұмсайды», - деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

 
Қатысушы елдердің қатарында Қытай, Дания, Германия, Үндістан, Испания, Италия, Литва, Малайзия, Таиланд, Түркіменстан, Түркия, БАӘ, Польша, Ресей Федерациясы, Беларусь, АҚШ, Эстония, Оңтүстік Корея, Жапония бар. Бұл тағы да Орталық Азияға, атап айтқанда, іскерлік және конгресстік туризмнің хабына айналған Қазақстанға деген жаһандық қызығушылықты көрсетеді.
 
Әлемнің жетекші өндірушілері мен көптеген елдердің қатысуымен өткізілетін көрме тек сауда алаңы ғана емес, сонымен қатар автокөлік индустриясы, бизнес және MICE-туризмі бойынша идеялар мен тәжірибе алмасу орнына айналуды көздеп отыр.
 
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.