2026 жылғы 10 қыркүйекте Астана қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының туристік әлеуетін ілгерілетуге, сондай-ақ туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған бірлескен презентация өтеді.
Шараға бейінді мемлекеттік органдардың, туристік компаниялардың, әуе тасымалдаушыларының, қонақ үй бизнесінің, салалық қауымдастықтардың, іскер топтардың және бұқаралық ақпарат құралдарының 300-ге жуық өкілдің қатысуы көзделіп отыр.
Аталған іс-шара екі мемлекет арасындағы өзара туристік ағынның қарқынды өсуі аясында ұйымдастырылуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстаннан Қазақстанға келген туристер саны шамамен 5,5 млн адамды құраса, Қазақстанның 2,6 млн-ға жуық азаматы Өзбекстанға сапарлаған.
Тікелей әуе қатынасының кеңеюі де туризмнің өркендеуіне серпін беруде. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматы – Самарқанд, Ташкент – Атырау, Ташкент – Орал және Ташкент – Қостанай бағыттары бойынша жаңа рейстер іске қосылды. Бұдан бөлек, 2026 жылғы 3 қыркүйектен бастап FlyArystan әуе компаниясы Алматы – Үргеніш бағыты бойынша тұрақты рейстерді бастайды.
Іс-шараның басты мақсаты — Қазақстан мен Өзбекстанның туристік мүмкіндіктерін кешенді түрде таныстыру, бизнес өкілдері арасында тікелей байланыс орнату, сондай-ақ өзекті бағыттарды, соның ішінде дәстүрлі, тарихи, зиярат, гастрономиялық, отбасылық, оқиғалық және MICE-туризмді ілгерілету. Екі ел үшін де Ислам өркениеті орталығы, Имам әл-Бұхари кешені және ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сияқты бірегей нысандарды қамтитын бірлескен зиярат және мәдени-тарихи бағыттарды дамытудың маңызы зор.
Жиын қорытындысы бойынша екі елдің туроператорлары арасындағы тікелей байланыстарды кеңейту, жаңа туристік бағыттар мен кешенді ұсыныстарды ілгерілету, әуе компанияларымен ынтымақтастықты жандандыру, сондай-ақ Өзбекстан нарығында Қазақстанның туристік брендін танымал ету жоспарланған.
