Жас ана Жансая Көкенова жүктіліктің соңғы айында Алматыдан Өскеменге №352 пойызбен жолға шыққан, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.
Пойыз жөнелтілгеннен кейін Екаша – Айыртау станциялары арасында жолаушының толғағы басталған. Вагон жолсерігі Бағдагүл Әбдәқұлова және пойыз бригадасының басқа да қызметкерлері қажетті көмек көрсетіп, босануды аман-есен қабылдады.
Қыз 7 ақпанда сағат 13:30-да дүниеге келді.
Пойыз бригадасы лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес жұмыс істеді және жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақырылды. Вагонда босанған әйелге көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды.
Өскемен станциясына келгеннен кейін қызды анасымен бірге жедел жәрдем қызметкерлері қабылдады.
Жолсерік Бағдагүл Әбдәқұлова теміржолда 23 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Бұл оқиға оның тәжірибесінде бірінші рет орын алып отыр. Пойыз жолсерігінің айтуынша, бәрі де өздігінен шешімін тапты.
Айта кету керек, пойыз бригадаларының қызметкерлері стандартты емес жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша тұрақты негізде оқытылады. Соңғы 3 жылда «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында 12 бала дүниеге келді.
Есепке қою туралы № KZ200123 БАҚ куәлігі 10.12.2023 жылы берілді.