Германияның Rhein-Neckar-Zeitung басылымы Алматы туралы мақала жариялап, автор Каспер Эстеррайх қаланы «мәдениеттердің қайнаған қазаны» және еуропалық саяхатшыларды баурап алатын жаңа орталық ретінде сипаттады, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Мақалада Алматының ерекше бейнесін қалыптастыратын нысандар — Вознесенский кафедралды шіркеуі, Арбат, Көк базар және қаланың саябақтары кеңінен сипатталады. Автордың айтуынша, бұл орындар мегаполиске тән тыныштық пен үйлесімнің ерекше атмосферасын қалыптастырады.
Материалда Алматының Орталық Азиядағы мәдени және гастрономиялық орталық ретінде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтеді. Қала кеңестік дәуірдің тарихи келбеті мен заманауи жайлылықты шебер ұштастыра білген.
Автор табиғи ландшафт туралы ерекше тоқталып, Алматы маңындағы шатқалды әйгілі Қызыл Гранд шатқалымен салыстырады.
Rhein-Neckar-Zeitung (RNZ) — 80 жылдан астам тарихы бар Германияның беделді басылымдарының бірі. Автордың Алматыға сапары Almaty Tourism Bureau қолдауымен жүзеге асқан.