Бейджі бар гидтер 41 туристік нысанға жеңілдікпен кіре алады, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Kazakh Tourism туристік нысандармен ынтымақтастықты кеңейтіп, бейджі бар гидтерге жеңілдікпен кіру мүмкіндігін ұсынуда. Қазіргі уақытта мұндай артықшылық 41 орында қарастырылған. Оларға цифрлық тізілімге тіркелген және бейджді иеленген гидтер ұйымдастырылған туристік топтар құрамында жеңілдікпен кіре алады.
Алматы облысындағы 17 туристік орында бейджі бар гидтерге жеңілдік қарастырылған. Олардың арасында үш ұлттық парк («Көлсай көлдері», «Чарын», «Іле-Алатау»), табиғи қорықтар және өңірдің танымал мұражайлары бар.
Астанада Kazakh Tourism 9 нысанмен меморандумдар жасады: «Бәйтерек» монументі, «Астана Опера» театры, ҚР Ұлттық музейі және басқалары. Алматыда «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты, А. Қастеев атындағы ҚР мемлекеттік өнер музейі, «Ғылым ордасы» музейі, ҚР Орталық мемлекеттік музейі бейджі бар гидтерге жеңілдікпен кіру мүмкіндігін ұсынады.
Солтүстік Қазақстан өңірінде «Ботай» музей-қорығы, Жетісу облысында «Алтын-Емел» ұлттық паркі және Жетісу-Алатау мемлекеттік табиғи паркі «Kazakh Tourism» компаниясымен ынтымақтастық орнатқан.
Бейджі бар гидтер үшін жеңілдікпен кіру мүмкіндігі еліміздің басқа да танымал нысандарында ұсынылған. Толық тізімді осы жарияланымға қосымша берілген фотоматериалда көруге болады.
Атап өткен жөн, бейдж алу үшін сандық тізілімде (https://guides.kazakhstan.travel/) тіркеліп, қажетті құжаттарды ұсыну және тестілеуден өту керек.
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.