Бұл туралы “Kazakh Tourism” ҰК” АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.
Dragon Trail International компаниясының қытайлық тұтынушылардың көңіл-күйі бойынша соңғы зерттеуіне сәйкес, Исландия күтпеген жерден қытайлық туристердің ең сүйікті туристік бағытына айналды, ал Қазақстан бұл тізімде екінші орынды иеленді.
Зерттеу нәтижелері Skift.com (https://skift.com/2024/04/16/chinese-tourists-continue-love-affair-with-iceland-kazakhstan-is-new-favorite/) сайтына экслюзивті түрде берілген болатын.
Қытайлық саяхатшылардың Қазақстанға келуіне визалық талаптарды жеңілдету маңызды рөл атқарды. 2023 жылы Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим енгізілгеннен кейін қытайлық туристердің Қазақстан Республикасына сапарлары 115%-ға күрт өсті.
ForwardKeys компаниясының қытайлық нарық талдаушысы Нэнси Дайдың айтуынша, Қазақстанның тамаша көрсеткіштеріне орналастыру орындарының 23%-ға артуы да әсер етті.
Нэнси Дай турпакеттердің қолжетімділігі мен қысқы демалысқа деген қызығушылық біздің елдің қытайлық туристер арасында тартымдылығын арттырғанын атап өтті.
Айта кетейік, Қытайда Қазақстан туризмі жылының ашылуымен Қазақстанға қытайлық туристер ағыны бұдан да көп болады деп күтілуде.
«Қазақстан – қытайлық туристер үшін ең тартымды бағыттардың бірі екеніне сенімдіміз. Ол визасыз режимді қолдайтын көршілес ел ғана емес, сонымен қатар «Бір белдеу, бір жол» бастамасының стратегиялық серіктесі. Біз туристердің назарына эко-, этнотуризм, ойын-сауық және ресми іс-шараларды қамтитын «Еco-Ethnic-Entertainment-Events» концепциясын ұсынамыз. Бұл қытайлық туристерге Қазақстанды сан түрлі қырынан ашуға мүмкіндік береді», - деді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Қайрат Садуақасов.
Өз кезегінде, Dragon Trail зерттеуі бойынша, Исландия алғаш рет күтпеген фаворит ретінде тізімге енді. Бұл ел ең қалаулы туристік бағыттардың алғашқы ондығында өз орнын нығайтуда. Бұған қытайлық әлеуметтік желілердегі және реалити-шоулардағы солтүстік жарқылдар мен жанартаулар сияқты табиғи көрікті жерлердегі медиа-контент едәуір үлесін қосты.