09.10.2025
15:06:35
ru
kz

Үндістандық туроператорлар отандық курорттың әлеуетін жоғары бағалады

Басты жаңалықтар
09.10.2025
12:13
Үндістандық туроператорлар отандық курорттың әлеуетін жоғары бағалады

Ақмола облысындағы «Бурабай» курортында Ақмола облысы туризм басқармасының қарамағындағы Visit Aqmola туристік ақпарат орталығы мен «Астана даму орталығы» ЖШС бірлесіп Үндістаннан келген туроператорларға арналған ақпараттық тур ұйымдастырды, деп хабарлайды Travelpress.kz.


 

Іс-шараның мақсаты – Щучье-Бурабай курортты өңірінің туристік әлеуетін таныстыру және гольф, wellness, MICE (іскерлік) туризмін дамыту мүмкіндіктерін көрсету. Үндістаннан келген қонақтар өңірдің халықаралық стандарттарға сай инфрақұрылымы мен қызмет көрсету деңгейін, сондай-ақ жыл бойы демалуға қолайлы табиғи-климаттық жағдайын ерекше атап өтті.


 

Бағдарлама аясында қатысушылар Rixos Borovoe, Wyndham Garden Burabay, Forest Camp және Burabay Golf Club секілді жетекші туристік нысандарын аралады. Сондай-ақ Абылай хан алаңына және мультимедиялық интерактивті кешенге экскурсия ұйымдастырылып, қонақтар аймақтың тарихи-мәдени мұрасымен танысты. Шетелдік меймандар халықаралық деңгейдегі конференциялар мен спорт жарыстарын өткізуге арналған инфрақұрылыммен де танысты.


 

Щучье-Бурабай курортты өңірі еліміздің басым туристік бағыттарының бірі саналады. 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында белсенді дамып келеді. Бағдарламада инженерлік және туристік инфрақұрылымды жаңғырту, санитарлық-гигиеналық тораптарды жетілдіру, жаңа қонақ үйлер, кемпингтер мен белсенді демалыс орындарын салу көзделген. Жоспар бойынша инвестиция көлемі 137 млрд теңгеден асады, оның ішінде жеке инвесторлардың үлесі де бар.


 

Сапар қорытындысы бойынша үндістандық туроператорлар алдағы уақытта әріптестік ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және бірлескен туристік бағыттар әзірлеуге қызығушылық білдірді.  Үндістандық туроператорлар Бурабайда шетелдік туристерді қабылдауға барлық жағдай жасалғанын айтып, өңірдің қайталанбас табиғатын, бай мәдени мұрасын, қонақ үй желісі мен жоғары деңгейдегі қызмет көрсету жүйесін ерекше атап өтті.

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.