Наурыз мейрамы мен көктемгі туристік маусым аясында ұйымдастырылған Jibek Joly туристік пойызының кезекті сапары өтті, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Туристік пойыз бағыты үш елдің аумағын қамтып, Ұлы Жібек жолының негізгі тарихи-мәдени орталықтары – Алматы, Шымкент, Отырар, Түркістан, Душанбе, Самарқанд, Ташкент қалалары арқылы өтіп, Алматы қаласында аяқталды.
Жоба «Қазақстан Темір Жолы» АҚ-мен бірлесіп, ҚР Туризм және спорт министрлігі мен «Қазақстан туризм индустриясы» РҚ РҚБ қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырылды.
Бағдарлама аясында қатысушылар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандарын, көне Отырар қалашығын және Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, тарихи Самарқандты, Ташкенттің сәулет және мәдени нысандарын, сондай-ақ Душанбе қаласының туристік орындарын аралады.
Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан Ұлы Жібек жолы бағытында бірлескен туристік маршруттарды дамыту және көлік қатынасының қолжетімділігін арттыру бойынша жұмысты жалғастырып келеді. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасын орындау аясында екі ел арасындағы туризм мен көлік байланысын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі Орталық Азия бойынша Ұлы Жібек жолының бірыңғай туристік бағытының жаңа тұжырымдамасын әзірледі. Бұл бағытқа өңірдің негізгі қалалары – Алматы, Шымкент, Түркістан, Ташкент, Самарқанд, Бұхара және Хиуа енді. Қазіргі уақытта Самарқанд бағыты бойынша алғашқы бірлескен тур іске қосылды, сондай-ақ туристік компаниялармен жаңа бірлескен турларды қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл Қазақстан мен Өзбекстанның туристік әлеуетін бірлесіп ілгерілету мәселелері қарастырылмақ.
