The Ritz-Carlton, Astana әлемдегі ең үздік 50 қонақ үйдің қатарына кірді, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Беделді Condé Nast Traveler журналы жыл сайынғы Readers’ Choice Awards рейтингісін қорытындылады. Биыл қазақстандық The Ritz-Carlton, Astana әлемдегі ең үздік 50 қонақ үйдің қатарына кіріп, туризм саласындағы маңызды марапаттардың бірін иеленді.
Дауыс беруге әлемнің түкпір-түкпірінен 750 000 астам адам қатысты. “The World’s 50 Best Hotels” санаты арқылы жыл сайын қонақжайлылық индустриясындағы жетістіктер атап өтіледі.
The Ritz-Carlton, Astana әлемге әйгілі қонақ үйлермен қатар үздік деп танылды. Бұл маңызды жетістік қазақстандық қонақ үйдің сервис пен қонақжайлылықтың жоғары әлемдік стандарттарына сәйкес келетіндігін көрсетеді.
Халықаралық беделді басылымдардың жоғары бағасы Қазақстанның туристік әлеуеті тартымдылығының артқанын көрсетеді. Бұған дейін Condé Nast Traveler және Wanderlust журналдары Қазақстанды 2024 жылғы саяхаттауға арналған әлемнің үздік бағыттарының қатарына қосты. Ал Lonely Planet Best in Travel 2025 рейтингінде Қазақстан баруға тұрарлық елдердің тізіміне енді.
