Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Тарихи экипаж құрамында нұсқаушы ұшқыш Аделина Луценко мен студент Екатерина Степина болған. Нәзік жандылар Tecnam 2002JF бір қозғалтқышты оқу-жаттығу ұшағында аспанға көтерілді.
«Сезім негізінен кез келген басқа ұшу кезіндегідей. Мен үшін бұл өзінен-өзі түсінікті жағдай. Оқу кезінде менің де екі әйел нұсқаушы болған еді. Осыған қарамастан, академияның алғашқы әйел экипажы болғандықтан, өзімді мақтан тұтамын. Сонымен қатар, осы тарихи оқиға тек 2024 жылы болғаны өкінішті», -- деп бөліседі Аделина.
Қазіргі уақытта жас нұсқаушыға екі студент тіркелген. Бикеш оларға ұшу тәжірибесі бойы аспанды қалай бағындыруды үйретпек.
Айта кетейік, Аделина Луценко бұған дейін Испанияда Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің (EASA) сертификаттауынан өткен болатын. Ол халықаралық дәрежедегі нұсқаушы ұшқыш болып саналады.
Азаматтық авиация академиясында ұшқыштан бөлек тағы 11 мамандық бойынша оқу жүргізілуде.