27.12.2024
11:46:55
ru
kz

Биыл Ұлытау облысында 21 мың туристке қызмет көрсетілді

Басты жаңалықтар
26.12.2024
18:08
Биыл Ұлытау облысында 21 мың туристке қызмет көрсетілді
ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев Ұлытау облысы тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізіп, министрліктің қазіргі қызметі, туризм және спорт саласындағы реформалар туралы айтты, деп хабарлады Travelpress.kz.

Іс-шараға спорт және туризм саласының өкілдері, өңір тұрғындары қатысты.

Кездесуде Ержан Еркінбаев Қазақстан туризмінің тұрақты өсіп келе жатқанын, биыл сала үшін табысты жыл болғанын атап өтті. Сондай-ақ ол биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 562 мың адамға өсіп, жалпы 6 миллионға жеткенін мәлімдеді. Ұлытау облысында осы кезеңде 21 мың туристке қызмет көрсетілген. Ал орналастыру орындары 498 миллион теңге табыс тапқан.

Сонымен қатар өңірде туристік инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылады. Себебі аймақта «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық музейі мен «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені сияқты маңызды туристік нысандар бар. 

Ержан Еркінбаев экотуризм мен глэмпинг сияқты экологиялық тұрғыдан таза және қолжетімді демалыс орындарының маңызын атап өтті. Экотуризмнің дамуы Қазақстандағы ұлттық парктерге келушілердің санын арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 14 ұлттық парк бар.

Кездесу барысында өңірдегі спорттың дамуы да талқыланды. Қазіргі таңда облыста 77 943 адам спортпен шұғылданады, оның ішінде 16 809-ы ауыл тұрғындары. 36 спорт түрін дамытатын 10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Биыл Жезқазғанда 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін Жезді кентіндегі спорт кешені мен Қаражал қаласындағы жабық бассейн пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Есеп беру жиынының соңында министрдің орынбасары азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, олардың ұсыныстарын тыңдады.
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.