01.04.2025
01:42:19
ru
kz

Зайсан әуежайының құрылысы басталды

Қазақстан жаңалықтары
28.03.2025
10:30
Зайсан әуежайының құрылысы басталды
Зайсан әуежайында негізгі құрылыс жұмыстары басталды, деп хабарлайды Travelpress.kz.

Бұл жұмыс Мемлекет басшысының Зайсан, Қатон-Қарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында үш жаңа әуежай салу тапсырмасы аясында жүргізілуде. 

Көлік министрі Марат Қарабаев Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы жаңа әуежай алаңында негізгі құрылыс жұмыстарының басталу барысымен танысты. 

Жобаға сәйкес әуежай Зайсан қаласынан шамамен 25 шақырым жерде орналасқан Сәтбай ауылының маңындағы бұрынғы әскери әуеайлақ базасында салынады. 184,5 гектар жерді алып жатқан учаске географиялық және метеолорогиялық жағдайды, сондай-ақ логистикалық қолжетімділікті ескере отырып таңдалды.

Ұзындығы 2200 метр болатын ұшу-қону жолағы салынады. Ұшу-қону жолағын алдағы уақытта кеңейту мүмкіндігі бар. Әуежай аймағында Bombardier Q400, ATR-72 және басқа да ұқсас типтегі заманауи әуе кемелерін қабылдау жоспарланып отыр. Қазір отандық әуе компания ATR-72 ұшақтарын сатып алу мәселесін пысықтауда. Сонымен қатар жоба аясында 4 әуе кемесіне арналған перрон, сағатына 150 жолаушыға дейін өткізу қабілеті бар 4000 шаршы метрлік заманауи аэровокзал, командалық-диспетчерлік пункт, авариялық-құтқару қызметі, метеостанция және радионавигациялық жабдықтар қарастырылған. 
 
«Әуежай құрылысы аяқталып, нысан қолданысқа берілген соң Қытайдағы Үрімші, Алтай және Қанасқа халықаралық бағыттар ашу жоспарланған. Астана, Алматы және Өскеменге қатынайтын ішкі бағыттар тұрақты әуе байланысын қамтамасыз етпек. Бұл бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, ел тұрғындарының жүріп-тұруын жақсарта түспек», - деді көлік ведомствосының басшысы Марат Қарабаев.

Қазір Зайсанға жыл сайын шамамен 23 мың турист келеді. Әуежай іске қосылып, инфрақұрылым дами түскенде бұл көрсеткіш 136 мың туристке дейін өседі деп күтілуде.

Марат Қарабаев әуежай құрылысы Қазақстанның логистикалық әлеуетін дамытуға қосымша мүмкіндік ашатынын атап өтті. Сәтбай ауылы маңында жаңа әуежай салу және «Қалбатау- Майқапшағай» күре жолының реконструкциясын аяқтау жұмыстары Зайсан қаласында арнайы ірі логистикалық хаб ашуға мүмкіндік береді. 

"Қазір бұл мәселені  Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасындағы әріптестермен пысықтап жатырмыз", - деп атап өтті Марат Қарабаев.


Бұл ретте Тұғыл ауылында өзен порты салынады. Бастапқы кезеңде жүктер Тұғыл портына автокөлікпен тасымалданады. Одан әрі Ресей Федерациясына қарай өзен арқылы кеме қатынасы орнатылады. Жүктердің бастапқы көлемі 2 млн тонна болса, уақыт өте келе бұл көрсеткіш 10 млн тоннаға дейін өседі деп күтілуде. 

Қытайдағы әріптестермен қазір «Тұғыл» портын теміржолмен байланыстыратын және Ресейдегі Обь-ға, одан әрі Солтүстік теңізге шығатын «Қытай-Қазақстан-Ресей» мультимодальды логистикалық маршрутын құруға бағытталған төртінші теміржол өткелі пунктін салу пысықталуда.

Сондай-ақ биыл мамандар Шығыс Қазақстан өңіріндегі барлық бес теміржол вокзалын (Өскемен-1, Алтай, Күмістау, Риддер, Шемонаиха) жөндейді.
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.