Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Жетісу облысына жұмыс сапары аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, АӨК, өңдеу өнеркәсібін және туризмді дамыту, экономикаға қосатын үлесін арттыру үшін ШОБ-ты қолдау шаралары бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Өңірде Үкімет басшысына Алакөл ауданы Үшарал қаласының әуежайында реконструкциялау нәтижесінде ірі әуе кемелерін қабылдай бастаған ұшу-қону жолағының жұмысы туралы баяндалды. Нысан туристік ағынның өсуін ескере отырып, туризмді дамыту үшін ерекше маңызға ие. Бүгінде Астана, Алматы, Талдықорған қалаларына рейстер орындалады. Биыл әуе рейстерін субсидиялауға 653 млн теңге бөлінді, бұл құны 8-18 мың теңге болатын 20 мыңға жуық билетті сатуға мүмкіндік берді.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Президенттің биылғы маусым айында туризмді дамыту бойынша өткен кеңесте берген шағын авиацияны дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында өткізу қабілеті сағатына 75 жолаушыны құрайтын Үшарал қаласы әуежайының қосымша терминалы құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын баяндады. Қазіргі инфрақұрылымды ескере отырып, нысандар сағатына 125 жолаушыға қызмет көрсететін болады. Жалпы, өткен жылы өңірге 2 млн демалушы келген, 17 жаңа туризм нысаны іске қосылып, 3,5 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. Туризм саласын одан әрі дамыту үшін Үкімет басшысы инвестиция тарту және тиісті инфрақұрылым құру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Биыл «Талдықорған – Үшарал» (287-615 км) және «Сарыөзек – Көктал» (45-68 км) республикалық маңызы бар автожол учаскелері пайдалануға беріледі. Сондай-ақ «Лепсі – Балқаш көлі» (0-27 км) автожолында жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жыл аяғына дейін «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автомобиль жолының 90 шақырымы асфальтпен жабылады, қалған 15 шақырымына 2025 жылғы туристік маусымға дейін төселеді. Биылғы жоспар – 182 шақырым облыстық маңызы бар жолдар мен 54 елді мекеннің ішкі көшелерін жөндеу. Жалпы, жыл соңына қарай облыста екінші және үшінші санаттағы 336 км жол ашылады, бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық маңызы бар автожолдардың үлесін 93%-дан 95%-ға дейін арттырады.
Әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйін жақсартудың оң динамикасы атап өтілді. Мәселен, Жетісу облысы құрылған сәттен бастап күрделі жөндеу мен жаңасын салуды талап ететін әлеуметтік нысандар орта есеппен 50%-ға жаңартылды. Бұған қоса, жыл соңына дейін өңірде кемінде 349 мың м2 тұрғын үй салу жоспарда бар. Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтары үшін 866 пәтер сатып алуға 13,4 млрд теңге қарастырылған.
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.