03.09.2025
12:36:35
ru
kz

«Lotus Fest – 2025» халықаралық фестиваліне 10 мыңнан астам турист қатысты

Қазақстан жаңалықтары
02.09.2025
17:25
«Lotus Fest – 2025» халықаралық фестиваліне 10 мыңнан астам турист қатысты

Атырау облысының Құрманғазы ауданы Теңіз ауылында Қазақстанда тұңғыш рет «Lotus Fest – 2025» халықаралық мәдени-туристік фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Travelpress.kz.


Шараға еліміздің өңірлерінен және шетелден келген 10 000-нан астам турист қатысты.



Фестиваль барысында 20 киіз үйден тұратын этноауыл тігіліп, қонақтар қазақ халқының дәстүрлі тұрмысымен, салт-дәстүрімен және ұлттық ойындарымен танысты. Ұлттық өнер мен қолөнер жәрмеңкесінде кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынып, этникалық нақыштағы бұйымдар мен тағамдар келушілер назарына ұсынылды. Бұл алаң аймақтың этнотуризмін дамытуға және жергілікті өнімдерді халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік берді.


 

Бағдарлама аясында театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар және ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Қол күресі, қазақ күресі, садақ ату, асық ату және арқан тарту сайыстары жоғары деңгейде өтті. Сонымен қатар «алыптар сайысы» өткізіліп, жеңімпаз спортшы Алматы қаласында өтетін республикалық «Ақбидай» жарысына жолдама иеленді.


 

Айта кетерлігі, Қазақстанда лотос табиғи жағдайда тек Қиғаш өзенінің сағасында – Құрманғазы ауданы аумағында ғана өседі. Фестиваль осы ерекше табиғи құбылысты дәріптеуді, өңірдің туристік әлеуетін арттыруды және ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауды мақсат етті.


 

«Lotus Fest – 2025» халықаралық мәдени-туристік фестивалі еліміздің мәдени және туристік кеңістігін байыта отырып, этнотуризмді дамытуға серпін берді. 

Ұйымдастырушылар шараны дәстүрлі түрде жыл сайын өткізу жоспарында бар.

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.