Қазақстан Республикасының Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан «Thai AirAsia» әуе компаниясының аймақтық директоры Тансита Акрариттипиромен кездесті, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Келіссөздер барысында тараптар Алматы – Бангкок бағыты бойынша тұрақты әуе қатынасын ашу жөніндегі жақын арадағы жоспарларды талқылады, сондай-ақ Қазақстанның басқа да ірі қалаларынан тікелей рейстерді іске қосу мүмкіндігін қарастырды.
Тансита Акрариттипиром әуе компаниясының даму стратегиясында Қазақстанмен тікелей әуе рейстерін орнату көзделгенін атап өтті. Бұл халықтар арасындағы байланыстардың нығаюына, іскерлік қарым-қатынастардың кеңеюіне, инвестициялардың тартылуына ықпал етіп, өзара туристік ағынның өсуіне және мәдени алмасуларды күшейтуге маңызды фактор болмақ.
Елші сондай-ақ жаңа бағыттардың ашылуы Қазақстан мен Таиланд арасындағы ынтымақтастықты тек туристік салада ғана емес, әуе жүк тасымалдау (air cargo) саласында да белсендірек дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Географиялық қолайлы орналасуы мен заманауи инфрақұрылымының арқасында Қазақстан мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен арасындағы жүк жеткізуде транзиттік торапқа айнала алады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты байланыстарды қолдап, қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
2024 жылы Таиландқа 200 мыңнан астам қазақстандық азамат барған. «Thai AirAsia» – Таиландтағы ең ірі лоукостер және «AirAsia» халықаралық тобының құрамына кіреді. Компания Азия мен оның шегінен тыс 160-тан астам бағытта рейстер орындайды. Сондай-ақ, Оңтүстік-Шығыс Азия – Орталық Азия бағыттарында жолаушылар тасымалын белсенді дамытып келеді.