ҚАӘ инспекторлары Астана және Алматы қалаларының әуежайларында рейстердің уақтылы орындалуы мен әуе жолаушыларының құқықтарын қорғауды тексереді, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Кейінгі уақытта еліміздің әуе компанияларына ұшулардың орындалуы мен жолаушыларға қызмет көрсетудің сапасына байланысты шағымдар саны артты. Air Astana өкілдерінің деректері бойынша, соңғы айларда әуе компанияның рейстерін орындаудың көрсеткіші 77% құрайды.
Жолаушылар құқығын қорғау Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың төрағалығымен өткен кеңестің басты тақырыбы болды. Еліміздің әуе компаниялары мен әуежайлары өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде рейстердің кешігуіне, әуе кемелерін ауыстыруға, әуежайлардағы ұзын-сонар кезектерге және басқа да жолаушылар құқықтарының бұзылуына байланысты мәселелер қаралды.
Ұшудың уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге және алдағы қысқы маусымға дайындыққа ерекше назар аударылды.
Қазіргі уақытта әуе кемесі ауыстырылған жағдайда өтемақы төлеу тек бизнес-класс жолаушылары үшін көзделген.
Вице-министр әуе компанияларға әуе кемесін ауыстыруға тыйым салуды пысықтауды, сондай-ақ Fly Arystan-ның fly Arystan-ға, Air Astana-ның Air Astana-ға борттарын ауыстыру жөніндегі міндетті көздеуді тапсырды. Сондай-ақ, Талғат Ластаев рейстерді уақтылы орындау тәртібін арттыру бойынша, әсіресе маусымдық жағдайында қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар, қызмет көрсету сапасына және жердегі қызметтердің жұмысына байланысты жағдайлар, атап айтқанда персоналдың жолаушылармен дұрыс жұмыс істемеуі қарастырылды. Әуе компаниялар мен әуежайлардың басшылығына қызмет көрсету сапасын күшейту, қызмет көрсету мәдениеті бойынша тренингтер өткізу, кезектерді болдырмау үшін тексеру жұмысын ретке келтіру және елордалық әуежайда ағымдағы жөндеуді уақтылы аяқтау тапсырылды.
Рейстерге тіркелудің қолжетімділігі мәселесі жеке көтерілді. Fly Arystan-да онлайн тіркелу ұшудан 30 күн бұрын қол жетімді, бірақ әуежайда тіркелу кезінде қызмет ақылы болады. Бұл егде жастағы жолаушылар мен мобильді құрылғыларды пайдаланбайтын мүгедектерге қиындық тудырады. Министрлік осындай санаттағы азаматтарға қызмет көрсетудің қосымша тетіктерін әзірлеуді тапсырды.
Кеңес қорытындысы бойынша әуе компаниялар мен әуежайлардың жұмысына тексеру жүргізу туралы шешім қабылданды. Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің (ҚАӘ) инспекторлары екі апта бойы Астана және Алматы әуежайларының ұшу залдарында болып, рейстердің кешігуіне мониторинг жүргізіп, жолаушыларға сауалнама жүргізетін болады.
Көлік министрлігі жолаушылардың құқықтары мен мүдделері азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік саясаттың сөзсіз басымдығы болып қала беретінін атап өтті.