ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада Индонезия Республикасының Қазақстан Республикасындағы және Тәжікстан Республикасындағы Елшісі Мохамад Фаджрул Рахман мырзамен кездесті. Кездесу барысында тараптар туризм және спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.
Министр екі ел арасындағы қазіргі әріптестік деңгейін жоғары бағалайтынын және оны одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Бірлескен жобалар мен іс-шаралар Қазақстан мен Индонезия арасындағы мәдени және экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ербол Мырзабосынов Индонезияның тәжірибесі мен біліміне ерекше назар аударып, оның спорт пен туризм саласындағы жетістіктері Қазақстан үшін үлгі болатынын айтты.
«Былтыр индонезиялық спортшылар Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, қазақ күресі секілді қазақтың ұлттық спорт түрлерінде бақ сынады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның ұлттық спорт түрлерін халықаралық деңгейде насихаттау және танымал ету үшін жақсы мүмкіндік туғызды. Бадминтон спорты Қазақстанда жылдан жылға танымал болып келеді. Осы тұрғыда Индонезияның тәжірибесі біздің спортшыларға жоғары деңгейдегі нәтижелерге жетуге ықпал етері сөзсіз», – деді Ербол Мырзабосынов.
Өз кезегінде Мохамад Фаджрул Рахман жыл сайын Индонезия азаматы Умраға баратынын айтып, зияртшылар үшін Қазақстан, әсіресе Түркістан бағыты арқылы транзиттік рейстерді қарастыру мүмкіндігін ұсынды. Бұл бағыт тек ыңғайлы әуе байланысын қамтамасыз етіп қана қоймай, жыл сайын индонезиялық туристке Түркістанның тарихи және рухани орындарымен танысуға мүмкіндік береді.
Кейінгі жылдары индонезиялық туристердің Қазақстанға деген қызығушылығы артып келеді. Екі ел арасында тікелей рейстердің ашылуы – туристік ағымның айтарлықтай өсуіне әсер ететіндігі сөзсіз.
Кездесу соңында тараптар туристердің саяхатын жеңілдету және өзара туризмді дамыту мақсатында екі елдің авиациялық органдарымен әуе қатынасын талқылауға уағдаласты.