Жетісудың табиғаты көрікті жерінің бірі - Бұрқан-бұлақ сарқырамасы. Ол Орталық Азиядағы ең биік сарқырама, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Бұл туралы Жетісу облысының әкімдігі Instagram-дағы парақшасында жазды.
Сарқыраманың жалпы биіктігі - 168 метр. Теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасқан.
Тонналаған мұзды су төменге бұрқырай құлап, айналаны шашыранды сумен жуып өтеді. Жап-жасыл мүкке оранған қызғылт түсті тастардың аясында мөп-мөлдір су тамшылары күн көзіне шағылысып, түрлі-түсті кемпірқосақты толықтырып отырады.
Тіпті аптап ыстықтың өзінде сарқырама маңында жанға жайлы салқындық сезіледі. Баурайында жайқалған шыршалар мен азиялық аршаның хош иісі мұндағы ылғалды ауаға пайдалы қасиеттер сыйлап, сарқырама маңын табиғи шипажайға айналдырады.
Бүгінде осы кереметті көзбен көріп, табиғатының аясында тынығып, жанға сая, дертке дауа болатын тұмса мекенге барушы саяхатшылар саны көбейіп, Бұрқан бұлақтың танымалдылығы жыл сайын еселеп артып келеді.
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.