«Атамекен» ҰКП алаңында туризмді дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Travelpress.kz.
«Атамекен» ҚР Кәсіпкерлерінің Ұлттық палатасы алаңында ішкі туризмді дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті.
Кеңес барысында туризм саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары, балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту, жазғы лагерьлер салу, халықтың су айдындары мен жағажай аймақтарына қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ Алакөл, Балқаш және Қапшағай су қоймаларындағы жазғы туристік маусымның қорытындылары және Түркістан облысындағы «Қасқасу» туристік-рекреациялық орталығы жобасын іске асыру мәселелері талқыланды.
Кеңеске мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың, салалық бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар туристік инфрақұрылымды дамыту, қызмет сапасын арттыру және азаматтардың демалысына қолайлы жағдай жасау бағытында өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанда ішкі туризмді орнықты дамыту мақсатында мемлекеттік және жеке құрылымдардың ынтымақтастығын одан әрі нығайту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.