АҚШ фотографы Қазақстандағы құсбегіліктің фотосуреттері үшін халықаралық сыйлықты иеленді, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Биыл АҚШ-тың жұлдызды фотографы Каролина Воштасик алғаш рет Қазақстанда болып, бүркітшілік дәстүрі бойынша түсірілім өткізген. Оның қазақ халқының көне өнеріне арналған жұмыстары Communication Arts Awards of Excellence халықаралық сыйлығын иеленді. Бұл марапат деректі фотосурет саласындағы жетістіктер үшін берілді.
Құсбегілік бойынша түсірілімдер Алматы облысының Күрті ауылында және Іле Алатауының баурайында өтті. Әлем чемпионы атанған бүркітшілер, қыранды баптауға өз өмірін арнаған мамандар шетелдік фотографқа қазақ халқының дәстүрлерін паш етті. Каролина Воштасик адам мен құс арасындағы ерекше байланыс сәттерін суретке түсірді. Өз жұмыстары арқылы ол тек эстетиканы ғана емес, сонымен бірге ғасырлардан келе жатқан өнердің терең мағынасын да жеткізеді.
Халықаралық байқауға ұсынылған фотографтың суреттер сериясы әлемдік аудиторияның Қазақстанның мәдениетіне қызығушылығын оятты.
Бұл түсірілімге қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде белсенді түрде дәріптеп жүрген туризм саласының медиа-елшісі және продюсер Надира Ахонова ұйытқы болды. Атап өткен жөн, Каролина Воштасик фотография әлеміндегі беделді «Lucie Award» сыйлығының иегері. Бұл марапат «фотография индустрияның оскары» деп жиі аталады.
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.