Шри-Ланкаға Алматы-Коломбо рейсімен ұшпақ болған 40 жастағы екі әйел Алматы әуежайындағы рейсінен шығарылды. Қарағандылықтар масаң күйде болған.
Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Халықаралық әуе рейсінің масаң күйдегі екі әйел жолаушысы әкімшілік құқық бұзушылық жасағандары үшін айыппұл арқалады.
"Алматы қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін масаң күйдегі екі әйел жолаушыны әуе рейсінен түсіріп алды. Оқиға «Коломбо-Алматы» бағытындағы әуе рейсінің бортында орын алды. Полицейлер тексеру барысында Қарағанды қаласының 40 жастағы тұрғындарын анықтады. Олар ұшу кезінде масаң күйде болып экипаждың талаптарын орындамаған және әуекомпания қызметкерлеріне балағат сөздер айтқан", - делінген хабарламада.
Құқық бұзушылар алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені, әуе кемесіндегі мінез-құлық қағидаларын бұзғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылып, әрқайсысына 8 АЕК айыппұл салынды.
Ұсақ бұзақылық бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері еліміздің көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әуе рейстерінен 91 құқық бұзушыны түсірді, оның 48-і алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 9, әуе кемесіндегі мінез-құлық қағидаларын бұзғаны үшін 5 және т. б.
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.