21 ақпан – Дүниежүзілік туристік гид күні. Осыған орай ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов гидтерді кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың Қазақстан туризмін дамытудағы маңызды рөлін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Travelpress.kz.
"Құрметті туристік гидтер! Баршаңызды Дүниежүзілік туристік гид күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздер Отанымызға келген саяхатшыларды құшақ жая қарсы алып, терең тарихымен, тұмса табиғатымен, мәйекті мәдениетімен, ұлттық асханасымен таныстыратын еліміздің төлқұжаты іспеттісіздер", – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда кәсіби біліктілігін дәлелдеген гидтер саны жыл сайын артып келеді. Бұл – туризм саласының қарқынды дамуының айқын белгісі. 2024 жылы 78 гид маманы ресми сертификат алып, цифрлық реестрге енді. Олардың ішінде:
Алматы – 49 гид,
Астана – 15 гид,
Алматы облысы – 7 гид,
Шымкент, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстары – 2 гидтен,
Түркістан облысы – 1 гид.
Дүниежүзілік туристік гид күні 1985 жылы бекітіліп, содан бері әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да тойланып келеді. Бұл мереке туристік гидтердің ішкі және халықаралық туризмді дамытудағы ерекше рөлін айшықтап, еліміздің әлемдік аренадағы оң имиджін қалыптастыруға қосқан үлесін атап өтеді.
Оқи отырыңыз: Туризм және оған іргелес салаларда 538 мыңнан астам адам еңбек етеді