Қазақстан мен Катардың авиациялық биліктері ынтымақтастықты нығайтуда, деп хабарлайды Travelpress.kz.
ИКАО Ассамблеясының 42 сессиясы аясында Қазақстан Республикасы делегациясының басшысы, Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Катар Мемлекеті делегациясының басшысы, Катар Мемлекетінің Азаматтық авиация басқармасының Президенті Мохаммед бен Фалех Әл-Хаджримен кездесу өткізді.
Тараптар азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын талқылады. Сондай-ақ, тараптар ұшу қауіпсіздігі, авиациялық қауіпсіздік, кадрларды даярлау және елдер арасындағы тікелей рейстер санын арттыру салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытты.
«Кеңейтілген құқықтық база біздің елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде Qatar Airways Алматыға рейстер санын екі есеге дейін арттырып, Қазақстан жолаушыларына Доха арқылы және әуе компаниясының рейстерімен бүкіл әлем бойынша саяхат жасауға жағдай жасады. Астанаға рейстердің ашылуы біздің елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, Qatar Airways компаниясына да пайда әкелетініне сенімдіміз», - деді Салтанат Томпиева.
Кездесу аясында авиациялық кадрларды оқыту және даярлау саласындағы ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Әсіресе әуе диспетчерлерін оқыту және осы салада білікті мамандар даярлауға ерекше назар аударылды.
Екі мемлекеттің авиациялық билік басшыларының кездесуі Канаданың Монреаль қаласында өтіп жатқан Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Ассамблеясының 42-сессиясы аясында болды.
Катар ИКАО Кеңесінің III тобына (географиялық қағидат бойынша сайланатын елдер) қайта сайлануға үміткер болып табылады.
Қазақстан мен Катардың әуе компаниялары аптасына 38 рейс орындау құқығына ие: аптасына 14 рейс Астана-Доха бағытында, аптасына 14 рейс Алматы-Доха бағытында, сондай-ақ аптасына 10 жүк рейсі екі тараптың кез келген пунктіне дейін орындалуы мүмкін. Бұл ретте Қазақстанда енгізілген «ашық аспан» режимі аясында әуе еркіндігінің бесінші дәрежесін пайдалану құқығы беріледі. Қазіргі таңда Қазақстан мен Катар арасында Air Astana, SCAT және Qatar Airways әуе компаниялары аптасына 13 тұрақты және 7 тұрақсыз рейс орындауда.