02.06.2025
04:21:08
ru
kz

Кәсіпкер Эмин Агаларов Маңғыстау облысымен танысты

Басты жаңалықтар
30.05.2025
19:26
Кәсіпкер Эмин Агаларов Маңғыстау облысымен танысты

Эмин Агаларов Маңғыстау облысымен танысты, деп хабарлайды Travelpress.kz.


Сапардың басты мақсаты – өңірдің туристік мүмкіндіктерімен және ірі курорттық кешен салуға әлеуетті аумақтармен танысу.


Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында «Sea Breeze» жобасының Бакудегі үлгісімен курорттық аймақ құру жөніндегі келіссөздерді 2025 жылдың басында Kazakh Tourism мен облыс әкімдігі бірлесіп бастады.


Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай инвесторға жағажай туризмін дамыту үшін перспективалық бағыттардың бірі саналатын «Кендірлі» курорттық аймағын және табиғаты ерекше Бозжыра шатқалын таныстырды. Сонымен қатар өңірде туризмді дамытуға арналған жоспарлар жайлы ақпарат берілді. 


Өңір басшысының сөзіне сүйенсек, 2025–2027 жылдар аралығында облыста 13 ірі жоба жүзеге аспақ. Оның бірі - жылына 350 мыңнан астам турист қабылдай алатын Кендірлі. Жоспар бойынша бұл туристік орында қонақ үйлер, санаторийлер, аквапарк пен түрлі демалыс нысандары бой көтереді. Құрылысы қолға алынған жаңа әуежай 16 ел мен еліміздің 7 қаласына әуе қатынасын қамтамасыз етеді.


Келіссөздер барысында тараптар туризм саласындағы ықтимал жобалар мен инвестициялық мүмкіндіктерді талқылады. «Sea Breeze» халықаралық курорттық жобасының басшысына мемлекет тарапынан ұсынылатын қолдау тетіктері мен жеңілдіктер жайлы ақпарат берілді.


Тараптар Кендірліде Sea Breeze үлгісінде курорттық аймақты салу, түркі халықтары арасындағы мәдени алмасуды ілгерілетуге бағытталған бірегей инфрақұрылымдық және оқиғалық жобаларды жүзеге асыру, этнотуризмді дамыту мүмкіндіктерін талқылады.


Атап өткен жөн, Ақтау қаласы 2025 жылы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» ретінде жарияланды. Осыған орай 5 сәуірде ресми ашылу салтанаты өтіп, оған Қазақстан туризмінің елшісі Димаш Құдайберген қатысты.


Бакудегі Sea Breeze жобасы- Каспий теңізінің жағалауында курорттық қала салудың табысты үлгісі. Қазіргі уақытта кешен 500 гектар аумақты және 7 шақырым жағалау сызығын қамтиды. Онда тұрғын үйлер, қонақ үйлер, мейрамханалар, арена, әлеуметтік инфрақұрылым мен демалыс аймақтары орналасқан. Болашақта жоба аумағы 1300 гектарға, жағалау ұзындығы 22 шақырымға дейін ұлғаяды деп жоспарлануда.

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.