Туризм және спорт министрі Маңғыстау облысының туристік нысандарын аралады, деп хабарлайды Travelpress.kz.
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Маңғыстау облысына жасаған сапары аясында өңірдің негізгі туристік және инфрақұрылымдық нысандарын аралады.
Министр ең алдымен Каспий теңізі жағалауындағы курорттық аймақты дамыту және туристерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған «Жылы жағажай» зәкірлік туристік жобасының жүзеге асу барысымен, сондай-ақ Кендірліде салынып жатқан жаңа әуежайдың құрылысымен танысты. Бұл жобалар өңірдің көлік қолжетімділігін айтарлықтай арттырып, логистиканы жақсартуға және туристер ағынын көбейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Ербол Мырзабосынов туристер арасында кеңінен танымал өңірдегі бірегей табиғи ескерткіш — Бозжыра шатқалына барды. Министр онда визит-орталық пен қонақ үй кешенін салу жоспарланып отырған орынды қарап шықты. Бұл нысандар экологиялық стандарттарды сақтай отырып, туризмді тұрақты дамыту аясында жүзеге асырылады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің туристік саласында қол жеткізілген оң нәтижелер аталған жобалардың өзекті әрі маңызды екенін көрсетті.
Қазіргі таңда өңірдегі орналастыру орындарының саны 106-ға жетті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5 нысанға көп. Жалпы туристік ағын 462 723 адамды құрады (+19%), оның ішінде резиденттер – 419 854 адам (+20%), резидент еместер – 42 869 адам (+6%). Ал төсек-орын саны 8 665-ке дейін ұлғайды (+6%), туристерге көрсетілген қызмет көлемі 18,6 млрд теңгеге жетті (+23%). Сондай-ақ туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 14,2 млрд теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 52%-ға артты (2023 жылы — 5,7 млрд теңге).
Министр Маңғыстау облысының Қазақстанда туризмді дамыту үшін басым өңірлердің қатарына кіретінін атап өтті. Туристік инфрақұрылымды қалыптастыру, қызмет көрсету сапасын жақсарту және табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану бағытындағы кешенді жұмыс аймақтың туристік тартымдылығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.