23.11.2024
15:23:08
ru
kz

Шавкат Рахмонов, волейболшы қыздар мен «Астана» футбол клубы – Қазақстан шетелдік актерлер арасында несімен танымал?

Қазақстан жаңалықтары
02.04.2024
18:00
Шавкат Рахмонов, волейболшы қыздар мен «Астана» футбол клубы – Қазақстан шетелдік актерлер арасында несімен танымал?
Француз актері Эдриан Хазард, вьетнамдық режиссер әрі продюсер Ши Бин, актерлер Данг Сон мен Куй Ан Қазақстанды не себепті құрметтейтінін айтты. Олар болашақта елге келуді армандайды екен, деп хабарлайды Travelpress.kz.
 
Вьетнамда «Кімге керексің?» (жұмыс атауы) атты отандық фильмнің түсірілімі жүріп жатыр. Картинада Шерхан Пірназар, Фариза Ескермес, Нұрболхан Шарапов, Әсел Асқар және Вахид Әлиев сынды қазақстандық киножұлдыздар ойнайды. Сондай-ақ, жобаға француз және вьетнамдық актерлер қатысады.

Олар Қазақстан жайлы не білетіндерін және неге біздің елге келуді армандайтынын әңгімелеп берді.

«Мен алғаш рет қазақстандық ұжыммен жұмыс істеп отырмын. Кәсіби деңгейі жоғары мамандар екен. Шынымды айтсам, Қазақстан жайлы Шавкат Рахмоновтың жекпе-жектерінен кейін білдім, сонымен қатар өте сұлу табиғаты бар ел екенін естідім. Сәтін салса, Қазақстанға барып, бәрін өз көзіммен көргім келеді», - дейді актер және модель Эдриан Хазард.



Вьетнамдық киноиндустрияның өкілдері де Қазақстан жайлы оң пікірлерімен бөлісті. Фильммейкер және продюсер Ши Бин жұмыс барысының ұқсастығы жайлы айта отырып, Қазақстан туралы бұрыннан білетінін әңгімеледі.
 

«Мен футболды жақсы көремін. «Астана» футбол клубының ойындарынан кейін Қазақстан жайлы білдім. Содан бастап, қазақстандық футбол жайлы ақпарат іздеп, жалпы осы ел туралы да көбірек білгім келді. Өте көп мәлімет оқып, елдегі керемет жерлер жайлы бейне көрдім. Асқар тауларыңызға ғашық болдым», - дейді Бин мырза.



Спортпен айналысатын актерлердің тағы бірі қазақстандық волейболшы қыздардың ойынын бірнеше мәрте көргенін айтады.
 

«Мен қазақстандық волейбол қыздар командасы жайлы көп естідім! Содан соң, Қазақстан туралы көбірек білгім келіп, ізденіп, оқыдым. Әсем табиғаттарыңыз, фильмдеріңіз ұнады. Адамдарыңыз да сымбатты екен. Бір күні Қазақстанға барғым келеді», - деп атап өтті «Кімге керексің?» жобасына Вьетнам жағынан қатысатын актер Куй Ан.

 

«Бір айдың ішінде бәріміз достасып кеттік. Қазақ құрты мен шоколадын жеп көріп, «Наурыз құтты болсын!», «Сәлем, достар!» деген сөздерді жаттап алдық. Қазақтар өте мейірімді, керемет адамдар. Баршаңызды ортақ жобамызды тамашалауға шақырамын», - деді актер Данг Сон.



Clover Street Production отандық компания бірнеше аптадан бері романтикалық комедия түсіріп жатқанын еске саламыз. Алғаш рет қазақстандық кино Вьетнамда түсіріліп жатыр. Бас продюсер Сәбит Рахымбаев, режиссер – Әнуар Матжанов. Картина экзотикалық елде махаббатын іздеп жүрген қазақ жігітінің бастан кешкен хикаялары жайлы баяндайды.

Ең жақын досымен бірге жүрген басты кейіпкер көптеген қиындықтар мен естен кетпес оқиғаларға тап болады.
 
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.