23.11.2024
20:30:59
ru
kz

Қазақстан тартымды туристік бағытқа айналуда - Қазақстанның Хорватиядағы Елшісі халықаралық форумға қатысты

Қазақстан жаңалықтары
12.04.2024
10:30
Қазақстан тартымды туристік бағытқа айналуда - Қазақстанның Хорватиядағы Елшісі халықаралық форумға қатысты
Қазақстанның Хорватиядағы Елшісі Ақылбек Камалдинов ауыл туризмі бойынша 6-шы Халықаралық форумның жұмысына қатысты, деп хабарлайды Travelpress.kz.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Агро және экотуризмді дамыту бойынша тәжірибе алмасу және пікірталастар мен воркшоптарға қатысу үшін Сплит-Далмация жупанияның (облысының) астанасына 30 елден 400-ден астам қонақ келді.

Хорватияда аккредиттелген дипломатиялық корпус атынан өзінің құттықтау сөзінде А. Камалдинов Еуропада кеңінен дамыған агротуризм жалпы туризм индустриясының тартымды және перспективалы секторына айналғанын атап өтті. Қазақстан табиғи ландшафттардың, флора мен фаунаның алуан түрлілігіне ие бола отырып, экотуристік инфрақұрылымның әлеуетін біртіндеп арттырып, өзін халықаралық туристік нарықта перспективалы бағыт ретінде жайғастыруда.

Елімізде өңірлердің жұмыспен қамтылуын және экономикалық дамуын арттыру тұрғысынан табиғатты сақтау мен жергілікті халықтың мүдделері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету бойынша күш-жігер жұмсалуда. Визалық режимді ырықтандыру, жаңа тікелей рейстерді ашу, орнықты дамуға бейілдігін, сондай-ақ саяси және экономикалық салада жүйелі реформаларды іске асыру сияқты бастамалардың арқасында Қазақстан тартымды туристік бағытқа айналуда.

Форум аясында Қазақстан Елшісі Еуропалық Комиссия төрағасының орынбасары Дубравка Шуицамен кездесу өткізді, оның шеңберінде тараптар Қазақстанның еуропалық бағыттағы басымдықтарын, оның ішінде ҚР үшін ЕО елдерінің визалық режимін жеңілдету мәселесін талқылады.

Хорватия Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Франо Матушичпен келіссөздер екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша «сағаттарды салыстыруға» мүмкіндік берді. Осы жылдың маусым айында Астанада екі ел арасында сімаралық консультациялардың кезекті раундын өткізу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Хорватияның ауыл шаруашылығы министрі Мария Вучковичпен және Хорватияның бизнес топтарының өкілдерімен әңгімелесу барысында құрылып жатқан Қазақстан – Хорватия Іскерлік кеңесі шеңберіндегі іскерлік ынтымақтастықтың перспективалары белгіленді. Қазақ дипломаты шетелдік әріптестерін ағымдағы жылдың 25 сәуірінде Загребте өтетін Қазақстан-Хорватия бизнес-форумына қатысуға шақырды.
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.