25.09.2025
03:59:42
ru
kz

Қазақстан Монреальда өтіп жатқан ИКАО Ассамблеясында ерекше бастаманы ұсынды

Қазақстан жаңалықтары
24.09.2025
15:51
Қазақстан Монреальда өтіп жатқан ИКАО Ассамблеясында ерекше бастаманы ұсынды

Қазақстан Монреальда өтіп жатқан ИКАО Ассамблеясында алғаш рет 33 авиациялық бастаманы ұсынады, деп хабарлайды Travelpress.kz.


 

ИКАО-ның штаб-пәтерінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымы Ассамблеясының 42-сессиясы өтуде. Ол 2025 жылғы 23 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Монреаль қаласында болады. Ассамблеяға 193 мүше-мемлекеттерден 3 мыңнан астам делегаттар қатысуда.

 

Қазақстан делегациясын ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Қазақстан Республикасының Халықаралық азаматтық авиация ұйымындағы (ИКАО) Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов бастап барды. Қазақстанның ИКАО Ассамблеясына қатысуы елдің саяси және экономикалық мүдделерін қорғау, сондай-ақ халықаралық авиациялық қоғамдастықтағы рөлін және маңыздылығын арттыру үшін басым мәнге ие.


 

Ассамблеяның 42-сессиясын ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано мен ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар ашты. Қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано әлемдік авиация бірлескен шешімдерді талап ететін жаһандық сын-қатерлерге тап болып отырғанын атап өтті.


 

«Авиация қандай қиындықтар болса да, жаһандық тұрақты мобильділіктің негізі болуы тиіс. Ұшу қызметтеріне сұраныстың артуы жағдайында сала қауіпсіздік, даму және қоршаған ортаны қорғау арасында тепе-теңдікті қамтамасыз етуге міндетті. Әсіресе авиацияны декарбонизациялауға, инновациялық технологияларды енгізуге және жаңа буын мамандарын даярлауға ерекше назар аудару қажет. Бүгінгі ортақ шешіміміз ертеңгі авиацияның қандай – қауіпсіз, тұрақты, инновациялық әрі баршаға қолжетімді болатынын айқындайды», – деп атап өтті Сальваторе Шаккитано.


 

ИКАО Ассамблеясының осы сессиясы аясында 193 мүше-мемлекеттің дауыс беруі арқылы ИКАО-ның жаңа Кеңесі 36 елдің өкілінен сайланады. Сонымен қатар, алдағы үш жылға арналған ИКАО бюджеті бекітіледі, өткен кезеңдегі техникалық, құқықтық, экономикалық және қаржылық бағыттардағы, сондай-ақ техникалық көмек көрсету саласындағы жұмыс қорытындылары мен 2028 жылға дейінгі стратегиялық міндеттер қарастырылады.


 

Ассамблеяның 42-сессиясының алдын ала күн тәртібіне әуе көлігінің экономикалық дамуы, ұшу қауіпсіздігі мен аэронавигация саласындағы басым бағыттар, формальдылықты жеңілдету жөніндегі жетістіктер, ИКАО-ның Жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасы стратегиясын іске асыру барысы, авиациялық қауіпсіздік саясатындағы негізгі өзгерістер, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі, халықаралық авиация үшін көміртегі шығарындыларын азайту (CORSIA), адами ресурстарды басқару және гендерлік теңдік, әлеуетті арттыру және енгізуді қолдау, авиация саласындағы инновациялар және басқа да мәселелерге қатысты 39 тармақ енгізілген.


 

ИКАО Ассамблеясының Атқарушы комитеті мен бейінді комиссияларының отырысы аясында қазақстандық делегаттар ұшу қауіпсіздігін және авиациялық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған 33 бастаманы таныстырады. Ұсынылған шешімдер алдағы үш жылға арналған жаһандық азаматтық авиация күн тәртібін айқындайтын маңызды құжаттарды қалыптастырудың негізі болады.


 

Ассамблеяның 42-сессиясы аясында ИКАО-ның «Жаһандық көкжиектер: авиацияға арналған инклюзивті инновациялар» тақырыбындағы Инновациялар жәрмеңкесі өтті.


 

Қатысушылар, соның ішінде мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, өнеркәсіптің, жеке сектордың, ғылыми ортаның, азаматтық қоғам ұйымдарының, БҰҰ мен ҮЕҰ өкілдері, авиациядағы инновациялар және оның БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі үлесі туралы пікірталас өткізді.


 

Жәрмеңкеде ИКАО-ның Инновациялар жөніндегі саясатын ілгерілету, талқылау және іске асыруға қолдау көрсету бойынша ұсыныстар айтылды. Көрме аумағында қазірдің өзінде қолданыстағы немесе авиацияда қолданылуы мүмкін бірқатар жаңа технологиялар мен идеялар ұсынылды.

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.