21.11.2024
20:10:47
ru
kz

Қазақстан мен Испания әуе қатынасы туралы келісімге қол қоймақ

Қазақстан жаңалықтары
15.02.2024
15:50
Қазақстан мен Испания әуе қатынасы туралы келісімге қол қоймақ
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі Хорхе Урбиоламен кездесті, деп хабарлайды Travelpress.kz.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Келіссөздер барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, шарттық-құқықтық базаны кеңейту, сондай-ақ Қазақстан мен Испания арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың 15 жылдығын тойлау жылында жоспарланған жоғары деңгейдегі байланыстар мен мәдени-гуманитарлық іс-шараларды талқылады.

Дипломаттар екіжақты қарым-қатынастардың қозғаушы күші болып табылатын сауда-экономикалық байланыстарды дамыту қажеттігі туралы ортақ пікірге келді. Атап айтқанда, жақын арада Қазақстанда испандық ірі компаниялардың қатысуымен бірқатар инвестициялық жобаларды іске қосу жоспарланып отыр.

Р.Василенко биылғы жылы қол қою жоспарланған Әуе қатынасы туралы үкіметаралық келісім қазақ-испан қарым-қатынастарының барлық спектріне елеулі серпін беретінін атап өтті.

Өз кезегінде Хорхе Урбиола Қазақстан мен Испания арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтуға бағытталған спорттық-имидждік жобаларды жүзеге асыру жоспарларымен бөлісті.

Сонымен қатар, сұхбаттасушылар білім және ғылым саласындағы байланыстарды дамытудың оң динамикасын қанағаттанарлықпен атап өтті. Осылайша, биылғы жылы бірқатар испан университеттерінің ректорлары делегациясының Астанаға сапарын, сондай-ақ Қазақстанның жетекші университеттерінің бірінің базасында испан тілін оқыту орталығын ашу жоспарланған.

Бұл ретте, қазақстандық дипломат Еуроодақтың Қазақстан азаматтары үшін визалық режимін жеңілдету мәселесін көтерді. Р.Василенко атап өткендей, диалогты ілгерілету және осы саладағы нақты шараларға қол жеткізу ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша өзара тиімді өзара іс-қимылды арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға көмектеседі.

Испания Қазақстан Республикасының ЕО-дағы маңызды экономикалық серіктесі болып табылады. Қазақстандық статистикаға сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 2 млрд АҚШ долл. құрады (экспорт – 1,5 млрд, импорт – 500 млн). 2005 жылдан бері Испаниядан Қазақстанға құйылған инвестиция көлемі 300 млн АҚШ долл. асты.
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.