ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Грузияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Николоз Лалиашвилимен кездесті. Кездесу барысында тараптар спорт және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ әрі қарай дамыту әлеуетін талқылады.
Ермек Маржықпаев Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Грузиядағы жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысып, грузиялық әріптестерімен белсенді ынтымақтастық жасағанын атап өтті. Туризм саласында да туристердің барыс-келісі жақсарғаны байқалады, бұл елдеріміз арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді.
«Биыл жыл басынан бері қазақстандық спортшылар Грузиядағы 10 жарысқа қатысып, 8 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Біздің спортшылар семсерлесу және дзюдо сияқты спорт түрлерінен тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдады», - деп атап өтті министр.
Кездесу соңында министр Грузия делегациясын 8-13 қыркүйек күндері Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды. Дүбірлі додаға Грузияның 25 спортшысы бес бағдарлама бойынша қатысады деп күтілуде.