Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Тараптар екі ел арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру мүмкіндіктерін талқылады.
Атап айтқанда, қазақстандық тараптың трансауғандық дәлізді дамыту жобаларын: Термез – Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар және Герат – Кандагар – Спин-Булдак темір жолдарын салу жөніндегі жобаларды іске асыруға қатысуға дайындығы белгіленді. Жоба Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында жүктерді жеткізу уақытын 10 есеге қысқартуға, сондай-ақ жүктерді тасымалдау құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Қазақстан темір жолдың жоғарғы құрылысына арналған материалдарды, өз өндірісінің шпалдары мен бекіткіштерін жеткізу арқылы трансауған магистралінің құрылысына қатысуға дайын."Қазақстан мен Ауғанстанның авиациялық билігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде тараптардың авиатасымалдаушылары аптасына 3 тұрақты жолаушылар жүк рейстерін орындауға құқылы. Қазақстандық тарап бұл мәселені Ауған авиакомпанияларынан өтінімдер түскен кезде қарауға дайын", - делінген хабарламада.
Соңғы үш жылда Қазақстаннан Ауғанстанға экспорттық тасымалдау көлемі тұрақты түрде өсіп келеді: 2023 жылы темір жол арқылы тасымалдау көлемі 2,7 млн тоннаны құрады, оның 1,5 млн тоннасы – ұн және астық. Бұл 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 14%-ға көп. Алдағы жылдарға арналған болжам – экспорттың 40%-ға ұлғаюы. Бұл ретте 2030 жылға қарай тасымалдардың 3 есе өсуі күтілуде.