Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев 2026 жылы Қазақстанда өтуі жоспарланған «Болашақтың ойындарын» алдын ала бағалау үшін арнайы келген Phygital International халықаралық компаниясының өкілдерімен кездесті.
Phygital International халықаралық компаниясы «Болашақтың ойындары» турнирінің құқығын иеленген. Phygital International бағалаушылары Астана қаласында 15-18 мамыр күндері тексеріс жүргізеді.
«Қазіргі таңда киберспорт федерациясымен бірлесіп 2026 жылы Астана қаласында өткізуді жоспарлап отырған «Болашақтың ойындарына» дайындық жұмыстарын бастадық. Министрлік тарапынан Қазақстанда осы спорттық біріншілікті ұйымдастырудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданады», - деді Ермек Маржықпаев.
Phygital International өкілдері «EXPO» халықаралық көрме орталығы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Барыс Арена» спорт кешені, «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені, «Алау» мұз айдыны сарайы, «Сарыарқа» велотрегі, «Астана Арена» стадионы және т.б қаланың басты ғимараттарын бағалайды.
2024 жылдың 1 қазанында 2026 жылғы ойындарды өткізу мүмкіндігін жеңіп алған қала анықталады.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы 21 ақпанында Мемлекет басшысы Қазан қаласында (Ресей Федерациясы) «Болашақтың ойындарының» ашылу салтанатына қатысып, Қазақстанда өткізу туралы ойын білдірген еді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жарыс 2026 жылы елімізде ұйымдастыру жоспарланған.