Қазақстанның гастрономиялық туризмі халықаралық медианың назарын аударуда, деп хабарлайды Travelpress.kz.
«Повара на колесах» жобасы ұлттық асханамызды Бірінші арнаның 20 миллиондық аудиториясына таныстырады. Танымал шеф-аспаздар Алексей Каневский мен Илья Бурнасов халықаралық тележоба маусымы аясында Қазақстанға келді. Астана мен Алматы гастрономиялық саяхат бағытының 116 және 117-ші қалаларына айналды.
«Повара на колесах» көрермендерге дәстүрлі тағамдардан бастап neo-nomad стиліндегі авторлық туындыларына дейінгі еліміздің бай гастрономиялық мәдениетін паш етеді.
Бағдарламаның шеф-аспаздары көрнекі орындарды және беделді әлемдік 50 Best Discovery онлайн-гидіне енген гастрономиялық локацияларды аралады. Оның ішінде Астанадағы Qazaq Gourmet және Алматыдағы Auyl мейрамханалары бар.
Оңтүстік мегаполисте түсірілім тобы жергілікті аспаздың отбасында қонақта болып, қазақы қонақжайлықпен танысты және тағамдардың дайындалу барысына назар аударды. Түсірілім Алма-Арасан термалды бұлағында да жүргізілді. Меймандар кәсіби жарыс трегінде картинг және биіктіктегі роуп-джампинг бойынша өз күштерін сынады.
Көрермендер бағдарлама арқылы Астанадағы «Бәйтерек» монументін, Ұлттық музейді және Орталық Азиядағы ең үлкен мешітті тамашалай алады. Шеф-аспаздар қалалық бағыттар бойынша Қазақстанның вело және мото спорт федерацияларының өкілдерімен бірге жүріп өтті.
«Бүгінде гастрономиялық туризм туристік индустрияның маңызды бөлігіне айналуда. Жетекші халықаралық медиа қазақстандық ұлттық тағамдарға қызығушылық танытып отыр. Биыл Қытайдан, Италиядан шетелдік БАҚ біздің асханамыз туралы арнайы материалдар дайындады. Олардың барлығы Қазақстанға келіп, өз ынталарымен қазақ гастрономиясын көрермендеріне таныстырып жүр. Біз аймақтық туризм басқармаларымен бірлесе жан-жақты қолдау көрсетудеміз», – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.
Қазақстандағы түсірілімдер - ТМД елдерінің гастрономиялық туризмі туралы тележобаның жаңа халықаралық маусымының бір бөлігі. Елімізге арналған шығарылымдар 2026 жылдың қаңтар айында қалың көрерменге жол тартады. Түсірілімге Астана мен Алматы қаларындағы облыстық туризм басқармалары қолғабыс етті.