23.11.2024
15:24:01
ru
kz

Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Жастар ісі және спорт министрлерінің 8-ші отырысы өтті

Қазақстан жаңалықтары
10.09.2024
21:43
Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Жастар ісі және спорт министрлерінің 8-ші отырысы өтті
Елордада Түркі мемлекеттері ұйымының Жастар және спорт мәселелеріне жауапты министрлерінің 8-ші отырысы өтті, деп хабарлайды Travelpress.kz.

Бұл туралы ТСМ баспасөз қызметі мәлім етті.

Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Мажарстанның Алматы қаласындағы Бас консулы Саболч Карой Сёке, сонымен қатар Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстанның салаға жауапты министрлері мен өкілдер және Дүниежүзілік этноспорт конфедерация президенті Біләл Ердоғанқатысты.

Жастар мен спорт мәселелеріне жауапты ведомство басшыларының дәстүрлі кездесуінде спорт саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ жастар саясаты мен спорт саласындағы жаңа жобаларды дайындауға негіз болатын пікірлер мен тәжірибелерін ортаға салды.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстан Түркі Мемлекеттері Ұйымы шеңберінде жан-жақты өзара іс-қимылды дамытуға ерекше мән беретінін, Ұйымның кеңістігіндегі ынтымақтастықты одан әрі нығайту және тереңдету мақсатында біз түркі халықтарын жақындастыруға бағытталған бастамаларды жан-жақты қолдайтынын жеткізді.

«Бізде спорттық әлеуетті күшейту үшін көптеген жаңа мүмкіндіктер бар. Соңғы жылдары спортшыларымыз халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бұл ретте қазақстандық спортшылар ұйымға мүше және бақылаушы мемлекеттер аумағындағы халықаралық спорттық жарыстарға белсенді қатысады. Мемлекеттеріміз арасындағы спорттық байланыстарды нығайту болашақ ұрпақ үшін табыс кепілі және шабыт болатынына сенімдімін. Жастар спортын дамытуға ерекше мән беру қажет. Жастар – әрбір мемлекеттің басты активі және біздің мақсатымыз олардың үйлесімді дамуы үшін барлық жағдай жасау», - деді министр.


Сонымен қатар Ербол Мырзабосынов ТМҰ кеңістігінде TAN бірлескен жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Бұл бастама штаб-пәтері Алматы қаласында орналасатын Түркі марафондары альянсы аясында Түркі халықтары марафондарының сериясын біріктіруге бағытталған.

«Біз 6 елдегі 7 марафонды, атап айтқанда, Алматы, Түркістан, Баку, Самарқанд, Ыстамбұл, Будапешттегі марафондарды, сондай-ақ Snow Leopard Run бірыңғай альянсқа бірігуге шақырамыз. Онда шешімдер қабылдау үшін осы марафондардың өкілдері тең өкілдік етеді», - деді Туризм және спорт министрі.


Аталған бастама жүгірушілердің ішкі көші-қоны және халықаралық қатысушыларды тарту есебінен туристер ағынын ұлғайтуға, марафондар арасындағы үздік тәжірибелермен алмасуға, әлемдік стандарттарға сәйкес жарыстарды ұйымдастыру сапасын арттыруға және басқа да бірқатар маңызды артықшылықтарға ие болады.

Жиын соңында Ербол Мырзабосынов кездесуге және 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқаны үшін алғысын білдірді.

 




 
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.