Алматыда туризмдегі әйелдердің көшбасшылығына арналған UN Tourism алғашқы өңірлік конференциясы өтті, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Алматыда туризм саласындағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған UN Tourism-нің алғашқы өңірлік конференциясы өтті. Оған халықаралық ұйымдар, бизнес өкілдері, сарапшылық қауымдастық мүшелері және шетелден келген 400-ге жуық делегат қатысты.
Жиынды ҚР Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев пен UN Tourism ұйымының атқарушы директоры Зорица Урошевич ашты.
Конференция туризм саласындағы гендерлік теңсіздікті жою, тең мүмкіндіктерді қамтасыз ету және әйелдердің көшбасшылығын дамытуға қолдау көрсету мақсатындағы Centre Stage жаһандық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
«Әйелдер біздің туристік секторымызда шағын және орта бизнесті басқарады, этно- және экотуризмді дамытады, гид, менеджер ретінде қызмет етеді, мәдени маршруттар мен әлеуметтік бастамаларға ұйытқы болуда. Олар ұлттық және аймақтық салалық басқару органдарында шешім қабылдау процестеріне қатысады. Халықаралық серіктестермен бірлесе отырып, туризм саласында әйелдердің басқарушылық және көшбасшылық құзыреттерін дамытуға арналған білім беру бағдарламалары іске асырылуда», – деп атап өтті АО «НК «Kazakh Tourism» басқарма директоры Шырын Мусина конференция барысында.
Конференцияның негізгі нәтижесі ретінде туризм саласында әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған Алматы үндеуі қабылданды. Құжатта әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, білім беру бастамаларын қолдау және тұрақты туризм қағидаттарын ілгерілету шаралары көзделген.
Сонымен қатар туризм саласындағы нәзік жандарға арналған оқу бағдарламасы жоспарлануда. Оған 200-ге дейін маман қатысып, өз дағдыларын жетілдіре алады.
Алматыдағы туризм басқармасының бағалауы бойынша, мегаполисте туризм мен қонақжайлылық секторында 25 000 астам нәзік жан еңбек етеді.