Air Astana мен Үндістанның жетекші халықаралық әуе компаниясы Air India арасындағы жаңа кодшеринг серіктестігі Қазақстан мен Үндістанды байланыстыратын басты бағыттарда ынтымақтастықты күшейтеді, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Келісім аясында Air Astana орындайтын Алматы-Дели және Алматы-Мумбаи рейстерінде Air India ‘AI’ кодын қолдану көзделген. Бұл жолаушыларға екі ел арасында сапар шегуде кеңірек мүмкіндік пен қосымша қолайлылық береді.
Air Astana тобының бас атқарушы директоры Питер Фостер:
«Азиядағы ең көне әуе компаниясымен кодшеринг келісімін жасағанымызға қуаныштымыз. Air India – Үндістан ішінде де, халықаралық бағыттарда да ауқымды желісі бар, тиімді басқарылатын әуе компания. Үндістан – халық саны жағынан әлемде алдыңғы орында әрі ең серпінді дамып келе жатқан туристік нарықтардың бірі. Бұл бағыт Air Astana тобы үшін стратегиялық маңызы зор болғандықтан, Дели, Мумбаи және Гоаға рейстерді кеңейту мүмкіндіктері қарастырылуда. Жаңа келісім екі ел арасындағы іскерлік, туристік және академиялық байланыстардың артуына серпін береді.»
Air India компаниясының бас атқарушы директоры Кэмпбелл Уилсон:
«Air Astana-мен кодшеринг серіктестігі туризм әлеуеті зор әрі жылдам дамып жатқан Қазақстанға әуе қатынасын күшейтеді. Бұл демалыс сапарларына және екі ел арасындағы сауда мен мәдени қарым-қатынастың дамуына ықпал етеді. Орталық Азиядағы жаңа бағыт клиенттеріміз үшін бұрынғыдан да ыңғайлы бола түседі.»
Жаңа келісім 2025 жылдың басында іске қосылған Air Astana мен Air India арасындағы интерлайн серіктестігін толықтырды. Серіктестіктің арқасында Air Astana жолаушылары Дели мен Мумбаи арқылы ыңғайлы ұштасатын Air India-ның 18 ішкі және 9 халықаралық рейстеріне қол жеткізе алады. Ал Air India жолаушылары Алматы арқылы Air Astana желісімен Астанаға, Бішкекке, Ташкентке, Душанбе мен Үрімшіге транзиттік жол жүре алады.
Air India тобына дәстүрлі Air India әуе компаниясы мен аймақтық бюджеттік әуе тасымалдаушысы Air India Express кіреді. Топ Үндістан авиациясында маңызды орынға ие. Air India әуе компаниясының тарихы 1932 жылы Дж. Р. Д. Тата алғашқы рейсті өзі басқарып, Үндістандағы азаматтық авиацияның негізін қалаған сәттен бастау алады. Бүгінде Air India тобында 30 000-нан астам адам жұмыс істейді, 300-ден аса әуе кемесі бар, ал оның желісі бес құрлықтағы 55 ішкі және 48 халықаралық бағытты қамтиды.