Air Astana әуе паркін ауқымды жаңғырту бағдарламасы аясында 50-ге дейін Airbus A320neo ұшақтар отбасы әуе кемелерін алуды көздейтін өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Әуекомпания тарихындағы ең ірі тапсырыс бойынша 25 ұшақ нақты сатып алынады да, тағы 25 ұшақ үшін опцион қарастырылған.
Келісім Airbus A320neo және A321neo ұшақ үлгілерін қамтиды, алғашқы жеткізілімдер 2031 жылдан басталады. Тапсырыстың едәуір бөлігі Airbus A321LR нұсқасына тиесілі. Air Astana осы типтегі әуе кемелеріне премиум санаттағы салон компоновкасын орнатқан алғашқы әуе компанияларының бірі болды және оларды Азия мен Еуропа бағыттарындағы ұзақ қашықтықтағы рейстерге кеңінен қолданып келеді.
«Air Astana компаниясының Airbus A320neo ұшақтарына берген ірі тапсырысы оның ұзақ мерзімді кезеңде операциялық тиімділік пен жоғары қызмет көрсету стандарттарын сақтау жөніндегі берік ұстанымын айқын көрсетеді. A320neo отбасының әуе кемелері көп жылдан бері біздің флотта сенімділігімен танылып келеді, ал жаңа ұшақтар компанияның орнықты дамуына және ұзақ мерзімді табыстылығына ықпал ететініне сенімдімін», - деді Air Astana бас атқарушы директоры Питер Фостер.
