Фото: Максат Шағырбаев / Kazinform
Көлік министрлігінің мәліметінше, Азия, Таяу Шығыс және Еуропа елдеріне жаңа және қайта жандандырылған рейстер ашылады, деп хабарлайды TravilPress, Kazinform сілтемесімен.
29 наурыздан бастап Шымкент – Бішкек (Қырғызстан) бағыты ашылады, 19 мамырдан – Новосібірге (Ресей), 1 маусымнан – Санкт-Петербургке (Ресей), ал 9 маусымнан – Тель-Авивке (Израиль) рейстер іске қосылады. Бұл бағыттар бойынша рейстерді SCAT Airlines әуе компаниясы орындайды.
Сондай-ақ 29 наурыздан бастап Алматы – Шанхай (Қытай) бағыты бойынша, 2 маусымнан – Астана – Гуанчжоу (Қытай) бағыты бойынша рейстер басталады. Жазғы маусымда Ларнакаға (Кипр) ұшулар жүзеге асырылады: Алматыдан – 2 маусым мен 5 қыркүйек аралығында, Астанадан – 4 маусым мен 6 қыркүйек аралығында. Көктемгі-жазғы навигация кезеңінде Алматы – Даламан (Түркия) рейстері жоспарланған. Бұдан бөлек, 9 наурыздан бастап Алматы – Салала (Иордания) және Астана – Салала (Иордания) бағыттары ашылады. Сонымен қатар 2026 жылы Алматы – Токио (Жапония) рейсін іске қосу мәселесі пысықталуда. Бұл бағыттар бойынша рейстерді Air Astana әуе компаниясы орындайды.
17 наурыздан бастап Алматы - Самарқанд (Өзбекстан) рейсі іске қосылады. Маусым айында, Көлік министрлігінің ақпаратына сәйкес, слоттарды келісуден кейін Алматы - Сиань (Қытай), сондай-ақ Ақтау – Үрімші (Қытай) бағыттарын ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Алматы – Эр-Рияд (Сауд Арабиясы) бағытын іске қосу жоспарда бар. Бұл рейстерді FlyArystan лоукостері орындайды.
Шетелдік тасымалдаушылар арасында LOT Polish Airlines 31 мамырдан бастап Алматы – Варшава рейсін ашады. Air Arabia (Dammam) Алматы – Даммам (Сауд Арабиясы) бағытын іске қосуды жоспарласа, Royal Jordanian Алматы – Амман (Иордания) рейсін орындау мүмкіндігін қарастыруда.
— Жаңа бағыттар сауда-экономикалық, туристік және мәдени байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық көлік жүйесіне одан әрі ықпалдасуына ықпал етеді, — деп атап өтті ведомство.
Айта кетейік, биылғы наурыз айының соңынан бастап немістің Lufthansa әуе компаниясы Франкфурт-на-Майнеден Алматыға аптасына бес және Астанаға аптасына төрт тұрақты рейсті қайта жаңғыртады.