«Биыл қаңтар айының соңында Таиландағы консулдыққа «Мен Қазақстанның азаматымын, джунглидің ішіндемін, қай мемлекет екенін білмеймін… Құлдыққа түсіп қалдым, көмектесіңіздер» деген хабарлама түсті. Осылайша, екі Қазақстан азаматы (екі қыз) алданып, «алтын үшбұрышта» құлдыққа түсіп қалған. Жергілікті билікпен бірлесіп, бір ай ішінде екі қызды құтқардық. Қазір олар Қазақстанға ұшып келе жатыр», - дейді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, қыздар бұл аймақтағы еңбек құлдығы жайлы естіген. Сондай-ақ, екеуінің де жоғары білімі бар және бірнеше шет тіл білген. Қыздар ғаламтордағы хабарламаға қызығып, алданып қалған.
«Адам басына 10 мың доллардан ақша сұрады. Ондай ақша болмаған. Еліміздің сыртқы саяси ведомствосының ақпараты бойынша, соңғы 2 жылда Таиландпен шекарадағы Мьянма және Лоаста 200-ге жуық Қазақстан азаматы еңбек құлдығына түскен. Елшіліктің араласуымен Мьянма мен Лоастан 28 қазақстандық шығарылды. Сондай-ақ 60-қа жуық Қазақстан азаматы елшілікке жүгінбей, өз күшімен елге оралды. Қазір жоғарыда аталған елдің аумағында 100-ге жуық қазақстандық еңбек құлдығында отыр деген ақпарат бар, - деді Смадияров.