Таудағы төрт маусым: Алматы үшін қандай мүмкіндіктер ашылады

Таудағы төрт маусым: Алматы үшін қандай мүмкіндіктер ашылады
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы таулары әлдеқашан тек қысқы бағыт болудан қалды. 2025 жылы Алматы тауларына деген қызығушылық жыл бойы жоғары болды: қаңтар-қазан айларында Шымбұлаққа 1,1 млн турист келсе, оның 450 мыңнан астамы жазғы маусымға тиесілі. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарының тауда демалуға деген қызығушылығы жыл бойы сақталатынын көрсетеді.

Алматы тау кластері дәл осы әлеуетті дамытуға бағытталған. Жоба қолданыстағы тау аймақтарын жаңғыртуды және тау мүмкіндіктерін жылдың төрт маусымында пайдалануға мүмкіндік беретін инфрақұрылымды дамытуды көздейді.

Тауда жыл бойы не істеуге болады

Қыста - тау шаңғысы мен сноуборд, жаңадан бастағандарды оқыту, балаларға арналған бағдарламалар, дайындалған трассалар және белсенді демалыстың басқа да қысқы түрлері. Көктемде - жаяу серуен, хайкинг, сауықтыру бағдарламалары, SPA бағыттары, ретриттер және табиғат аясында қалпына келу. Жазда - треккинг, велосипед маршруттары, трейлраннинг, отбасылық демалыс, outdoor белсенділіктер, спорттық және сауықтыру бағдарламалары. Күзде - жаяу және экскурсиялық маршруттар, wellness бағдарламалары және таудағы тыныш демалыс.

Алматы тау кластерінің ерекшелігі нысандардың санында ғана емес, әртүрлі тау аумақтарын біртұтас демалыс жүйесіне біріктіру мүмкіндігінде. Шымбұлақ, Бутаковка, Кимасар, Пионер және Ой-Қарағай бір-бірін толықтырып, маусымға, жасқа, дене дайындығына және келушінің мақсатына қарай демалыстың әртүрлі форматын ұсына алады: спорт пен оқудан бастап отбасылық серуенге, қалпына келу мен экологиялық туризмге дейін.

Әлем тәжірибесі және экономикалық пайда

Мұндай тәсіл жетекші таулы елдерде қолданылып келеді. Австрияда курорттар шаңғы маусымы аяқталғаннан кейін хайкингті, велоспортты және отбасылық демалысты дамытады, ал Францияда «төрт маусым» моделі жаяу және велосипед маршруттарын, outdoor белсенділіктерді, табиғи және сауықтыру туризмін қамтиды.

Алматы үшін жыл бойы жұмыс істейтін тау инфрақұрылымын дамыту туристік ұсынысты кеңейтумен ғана шектелмейді. Бұл таулар қаланың күнделікті өмірінің табиғи бөлігіне айналатын демалыстың жаңа мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді: спорт, отбасылық демалыс, қалпына келу, табиғатпен қауышу және белсенді уақыт өткізу орны ретінде.

Тау инфрақұрылымының жыл бойы жұмыс істеуі экономикалық тұрғыдан да тиімді: қонақүйлердің, мейрамханалардың, прокат пен көліктің жүктемесі тұрақтанады, гид пен нұсқаушы қызметтері, шағын бизнес дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады.

Алматы тау кластерінің міндеті - тауға келетін адамдар ағынын көбейту ғана емес, Алматы тұрғындары мен қонақтарына жыл бойы ұйымдасқан, жайлы әрі қауіпсіз демалыс жағдайын жасау. Осылайша Алматының табиғи артықшылығы қала тұрғындары, туристер, спорт, денсаулық және мегаполис экономикасы үшін төрт маусым бойы жұмыс істей алады.

Сондай-ақ оқыңыз:

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.