Жазғы маусым басталғалы «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарындағы әйелдерге арналған вагондарымен 70 мыңнан астам әйел жолаушы сапарға шыққан, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті. Салыстырмалы түрде, 2023 жылдың маусым-тамыз айлары аралығында бұл қызметті 55 мыңнан астам әйел пайдаланған. Биылғы жылы әлеуметтік сауалнама нәтижесінде қосымша үш бағытта әйелдерге арналған вагондарын іске қосу туралы шешім қабылданды.
Қазіргі уақытта әйелдерге арналған вагондар 11 бағыт бойынша қатынайды:
- №354/353 «Астана - Семей»,
- №24/23 «Ақтөбе - Алматы»,
- №25/26 «Алматы - Шымкент»,
- №77/78 «Алматы - Маңғыстау»,
- №351/352 «Алматы - Өскемен»,
- №45/46 «Павлодар - Түркістан»,
- №37/38 «Маңғыстау - Семей»,
- №47/48 «Атырау - Астана»,
- №33/34 «Ақтөбе - Алматы-1»,
- №4/3 «Астана - Алматы-2»,
- №71/72 «Астана - Шымкент».
Барлық жолаушы әйелдер үшін қолжетімді болу мақсатында, әйелдер вагондарына билеттердің бағасы стандартты билеттердің құнымен теңестірілген.
Әйелдерге арналған вагондарға билеттер тек әйелдерге сатылады. Сонымен қатар, олармен бірге жеті жасқа дейінгі ұл балалар да саяхаттай алады. Бұл вагондарда тек әйел жолсеріктер жұмыс істейді.
Әйелдер вагондарына билеттерді bilet.railways.kz сайтынан немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның теміржол вокзалдарындағы кассаларынан сатып алуға болады. Билеттер болмаған жағдайда, жолаушылар «Күту парағы» тегін қызметін пайдалана алады.
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.