«КітапFest»: Алматыда әдебиет пен оқырманды біріктірген кітап жәрмеңкесі басталды

«КітапFest»: Алматыда әдебиет пен оқырманды біріктірген кітап жәрмеңкесі басталды
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда Қала күнін мерекелеу аясында «КітапFest» қалалық кітап жәрмеңкесі басталды. Екі күнге созылатын мәдени іс-шараның алғашқы күні Арбат алаңында қала тұрғындары мен қонақтары әдебиет әлеміне сүңгіп, жазушылармен кездесіп, кітап жаңалықтарымен таныса алды, деп хабарлайды TravelPress.kz.

Биыл жәрмеңкеге түрлі жанр мен бағыттағы жаңа және таңдаулы басылымдарын ұсынған 60-тан астам баспа қатысып отыр. Келушілер қызығушылығына қарай кітап таңдап қана қоймай, отандық авторлармен кездесіп, олармен сөйлесіп, шығармашылығын талқылай алады.

бигельды габдуллин KitapFest 2026

Жазушылармен кездесулер

Жәрмеңкенің алғашқы күні белгілі ақындар мен жазушылармен әдеби кездесулер өтіп жатыр. Кездесуге қатысушылар шығармашылық, кітап оқу мәдениетінің маңызы және қазіргі оқырмандардың талғамы туралы ойларымен бөлісіп, қонақтардың сұрақтарына жауап береді.

Кездесу барысында жазушы әрі драматург Әлішер Рахат алматылықтарды Қала күнімен құттықтап, «КітапFest» жыл сайын оқырмандар мен жазушыларды, әдеби қауымдастық пен қала тұрғындарын біріктіретін маңызды мәдени алаң екенін атап өтті.

Жәрмеңкеге келген алматылықтар да ұсынылған кітаптарға және авторлармен кездесулерге үлкен қызығушылық танытып отыр.

«Бүгін кітап жәрмеңкесіне әдейі келдім. Мұнда түрлі жанрдағы кітаптар көп, маған ұнаған бірнешеуін тауып та алдым. Әсіресе отандық авторлармен кездесіп, олардың шығармалары туралы өз аузынан есту қызық болды», - деді алматылық студент Асылжан Бауыржанұлы.

KitapFest 2026

Кітап оқу мәдениетін дамыту

Алматыда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға және оқырмандар мен әдеби қауымдастық арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған жобалар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. «КітапFest» кітап жәрмеңкесі осындай мәдени бастамалардың біріне айналды. Мұндай іс-шаралар кітап оқу мәдениетін дамытуға, отандық әдебиетті насихаттауға және қаланың мәдени өмірін байытуға ықпал етеді.

Еске сала кетейік, «КітапFest» қалалық кітап жәрмеңкесі 19-20 қыркүйекте сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін Арбат алаңында өтеді. Алматы тұрғындары мен қонақтары жәрмеңкеге келіп, оның бағдарламасына қатысуға шақырылады.

KitapFest 2026

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ оқыңыз:

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.