Бұл туралы Air Astana әуекомпаниясының баспасөз қызметі мәлім етті.
Бортсеріктер Медлинкпен байланысып, ауру жолаушыға тиісті дәрі-дәрмек берді. Ұшақ ең алыс 65-ші тұраққа қойылды. Бортта дезинфекция жүргізіліп, әуе кемесі бір тәуліктен кейін кешкі рейсті орындауға қойылды.
Дәрігерлер мен санитарлық-карантиндік пункттің қызметкерлері науқас жолаушыны, жақын байланыста болған жолаушыларды және 8 экипаж мүшесін ауруханаға жеткізді.
Бұл әрекеттер санитарлық-карантиндік пункт алгоритмі бойынша қабылданды.
Бұған дейін Дели-Алматы бағыты бойынша ұшып келген Air Astana рейсінің бортында санитарлық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру барысында тырысқақ белгісі бар жолаушы анықталған болатын.
Осыған қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі жауап берген еді.
«5 сәуірде Дели-Алматы бағыты бойынша Air Astana рейсінің бортында санитарлық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру барысында іш өту, айқын әлсіздік, ауыздың құрғауы сынды шағымдары бар жолаушы анықталды. Қырғыз Республикасының азаматы Делиден Қырғызстанға Алматы қаласы арқылы бармақ болған. Санитарлық-карантиндік бақылау мамандары жұқпалы ауруға күдікті әйелді медициналық тексеруді жедел ұйымдастырып, талдау нәтижелерін алғаннан кейін «тырысқақ» диагнозы қойылды», – деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.