Соңғы уақытта жеңіл ұшақтардың қатысуымен авиациялық оқиғалар жиі орын алуда, деп хабарлайды Travelpress.kz.
Осыған орай, 25 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларға жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның алдын ала қорытындысы Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев өткізген кеңесте айтылды.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жалпы мақсаттағы авиация (ЖМА) пайдаланушыларының 31 әуе кемесіне тексеру жүргізіп, азаматтық авиация саласындағы нормативтік құқықтық актілер талаптарының бірқатар бұзушылықтарын анықтады. Нәтижесінде 7 әуе кемесінің пайдалануы анықталған бұзушылықтарды жойғанға дейін тоқтатылды.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі заңнамада белгіленген өкілеттіктер аясында ЖМА операторларының қызметіне, оның ішінде жеке тұлғалардың заңсыз ұшулар туралы өтініштері бойынша, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы және әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға мониторинг жүргізу арқылы жұмысты жалғастыруда.
Соңғы кездері әлеуметтік желілерде (Instagram, TikTok, Telegram) жеке ұшақтарда «эксклюзив», «экскурсия» және басқа да рейстерге арналған жарнамалар жиілеп кетті, ал олардың көпшілігінде арнайы рұқсаттар жоқ.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларға ақылы немесе жалдамалы әуе тасымалдарын, авиациялық жұмыстарды орындауға тыйым салынғанын ескертеді.
Талаптарды бұзған операторлар заңда көзделген жауапкершілікке тартылады.