Қазақстандық Clover Street Production компаниясы Вьетнамда романтикалық комедия түсіруді бастады. Картина экзотикалық елге болашақ жарын іздеп келген қазақ жігітінің бастан кешкен қиындықтары жайлы баяндайды. Ол ең жақын досымен бірге таңғажайып хикаяларға тап болады.
Кейіпкерлердің қызықтары Хошиминдегі елдімекендердің бірінен басталады. Алғашқы көріністердің бірі күріш алқаптарында түсірілген.
«Вьетнамда күріштің 60-тан аса түрі өседі. Оны жылына бірнеше рет жинауға болады. Күріш Вьетнамның басқа елдерге ең көп экспортталатын өнімдердің бірі. Сол себепті, көріністердің бірін осы алқаптарда түсіруді жөн көрдік», - дейді лентаның бас продюсері Сәбит Рахымбаев.
Фильмге сондай-ақ вьетнамдық актерлер қатысады. Соның арқасында, жоба мультилигвистикалық болады. Түсірілім бірден төрт тілде өтіп жатыр: ағылшын, қазақ, орыс және вьетнам тілінде.
«Түрлі тілде жазылған сценарийді жаттап, әрбір кейіпкердің сөзін есте сақтау керек. Диалогтарға дер кезінде қатысып, дұрыс сөйлеу үшін Вьетнам және ағылшын тілдеріндегі сөздерді де үйренуге тура келді. Онымен қоса, түсірілім алаңында аяқ астынан өзгерістер болып тұрады. Тек біз ғана емес, жергілікті актерлер де қазақ тілінде айтылатын сөздерді жаттап, біздің сөйлеген сөздерімізге үйренулеріне тура келді» - дейді фильмнің бас кейіпкерін ойнайтын Шерхан Пірназаров.
Түсірілім барысындағы қиындықтар жайлы команда мүшелері де әңгімелеп берді. Костюм суретшісі Жібек Қадырбаева актерлерге киім таңдау қиын екенін айтты.
«Қажетті киім мөлшерін таңдау қиын. Өйткені мұнда ең үлкен киім мөлшері «L» екен. Ал біздің қазақстандық актерлер бойшаң, дене бітімдері де ірілеу. Сонымен қатар, қолжетімді бағалары бар киім дүкендері қаланың әр жерінде орналасқан. Қаланың бір ауданынан екіншісіне жету үшін көп уақыт кетеді», - деді Жібек Қадырбаева.